Кәсіподақтар күні мерекесіне орай мерекелік шара өтті

Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде  10 – қазан Кәсіподақтар күні мерекесіне орай мерекелік шара өтті.

Жиынға «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі, «Түркістан облысының спортшылары мен спорт саласындағы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шадияр Қондыбаев пен салалық кәсіподақ ардагерлері мен кәсіподақ активі қатысты.

Мерекелік шара барысында кәсіподақ мүшелерін құттықтау үшін сөз алған Бердіғали Өмірәлі өз сөзінде: «Бұл күн кәсіподақтар қозғалысы үшін өте маңызды күн. Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен 10-қазан Қазақстан Кәсіподақтар күні болып еліміздегі мереке күндер тізіліміне енгізілген болатын. Бүгінде кәсіподақтардың барлық құрылымдары үшін ең басты міндеттердің бірі еңбеккерлерге қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын жасау, еңбек дауларының алдын алу, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбекақы төлеу және еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Осы ретте Сіздердің өңіріміздің кәсіподақ саласының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіре отырып, баршаларыңызды Кәсіподақтар күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!» – деді.

Осыдан соң, кәсіподақ төрағалары Бердіғали Өмірәлі мен Шадияр Қондыбаев облысымыздың спорт және кәсіподақ саласының дамуына белсенді үлес қосып жүрген бірқатар кәсіподақ белсенділеріне бірлестік пен салалық кәсіподақтың төсбелгілерін, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Өз кезегінде қуаныш иелері кәсіподақ тарапынан өздеріне көрсетілген қолдаулары үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, жиын соңы естелік сүретке түсумен аяқталды.