ҚР Кәсіподақтар федерациясында ҚРКФ білім беру жобасы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» алтыншы легі аяқталды.

Мектептің 90 – нан астам түлегі–білім беру саласының өкілдері оқуды аяқтағаны туралы сертификат алды.
Жоба авторы және үйлестірушісі–ҚРКФ ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова қатысушыларды курстың сәтті аяқталуымен құттықтап, белсенді қатысқаны және тәжірибе алмасқаны үшін жоба тыңдаушыларына алғысын білдірді. Жұмыстың бұл форматы, оның айтуынша, кәсіподақ қатарларының дамуы мен нығаюына ықпал етеді.

Жоба тыңдаушыларын құттықтауға ҚРКФ лекторлар пулының сарапшылары да, Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің бірінші легінің түлектері де жиналды.

Ақмола облысының “Еңбекшілдер ауылының жалпы білім беретін мектебі“ КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ақмарал Жұмаділова Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобасы кәсіби жолда өсу мүмкіндігін бергенін және әріптестерінің мүдделерін қорғау ісіне сенімділік бергенін атап өтті.
Степногорск қаласының “Ш.Уәлиханов атындағы №8 жалпы білім беретін мектебі“ КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Наталья Великодная кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби дамуының маңызына назар аударды.
«Басшының құзыреттілігі – қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың кепілі. Осы мақсатқа жету үшін Кәсіподақ көшбасшысы мектебі бізге қажетті білімді берді», – деді кәсіподақ жетекшісі.
Жиында түлектер тек оң пікірлермен шектелмей, өз ұсыныстарын айтып, түйткілді мәселелермен бөлісті.
Мәселен, Жетісу облысы Кербұлақ ауданы орта мектебінің өкілі Ермек Баймолдаев мұғалімдердің зейнет жасын қысқарту, техникалық қызметкерлердің жалақысын арттыру және әлеуметтік кепілдіктерді жақсарту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.

Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының мәртебесін ресми түрде көтеру қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.
Атырау қаласының №20 орта мектеп–лицейінің кәсіподақ жетекшісі Жанат Сапарова кәсіподақтың жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы көпір ретіндегі шешуші рөлін атап өтіп, әріптестерін кәсіподақтың олдардың сенімді ұйымы және олардың құқықтарын қорғаушы екенін еңбек ұжымдарына түсіндіру маңызын айтты.

Кентау қаласындағы Ю.Гагарин атындағы №16 орта мектеп-лицейінің өкілі Жанар Ізтаева тәжірибе алмасу және мәселені ұжым болып шешу үшін офлайн оқыту форматын қолдануды ұсынды.
ҚРКФ төрағасының орынбасары, Қазақстандық оқу-ғарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Айгүл Мұқашева түлектерді құттықтап, алған білімдерінің алдағы уақытта қолдану маңызын атап өтті.

«Жобада алған білімдеріңіз күнделікті қызметте сіздер үшін сенімді құрал болатынына сенімдімін. Көптеген қатысушылар атап өткендей, тікелей байланыс пен офлайн кездесулер онлайн форматпен салыстырмалы түрде тиімдірек. Сондықтан, 17-20 желтоқсан аралығында заңгерлеріміз Түркістан облысына барып, келісім комиссиясы мүшелерімен семинарлар өткізеді», — деді Айгүл Мұқашева.
Сондай-ақ ол түлектердің көтерген өзекті мәселелеріне назар аударды.
«Мұғалімдердің зейнеткерлік жасын төмендету мәселесі шынымен де – ең өзекті мәселелердің бірі. Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақ бұл мәселенің шешімін табуды ұзақ жылдар бойы айтып келеді. Біраз жетістікке қол жеткізілді: әйелдердің зейнетке шығу жасы 63-тен 61-ге дейін қысқартылды. Бұл біздің жұмысымыздың нәтижесі. Тағы бір маңызды қадам – біржолғы еңбек жәрдемақысының мөлшерін екі есе арттыру», – деп түйіндеді Айгүл Мұқашева.
Медициналық сақтандыру туралы айта отырып, спикер салалық кәсіподақ сала қызметкерлерін медициналық қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жақсарту үшін денсаулық сақтау министрлігімен белсенді түрде ынтымақтасады деп сендірді.
Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин түлектерге құттықтап, сөз сөйледі.
ҚРКФ басшысы Еңбек адамының еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған кәсіподақтардың басты миссиясын еске салды.

«Бүгінде кәсіподақ – жай ұйым емес, еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін кәсіби түрде қорғайтын азаматтық қоғамның ең маңызды институты. Ал бұл қорғаудың тиімділігі сіздерге, кәсіподақ жетекшілеріне, кәсіподақ белсенділеріне байланысты», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол кәсіподақ қатарындағы бірлік пен ынтымақтастықтың маңызын, сондай-ақ оқыту мен кәсіби дағдыларды жетілдірудің маңызын атап өтті.
«Өзін-өзі дамыту күрделі мәселелерді шешуге және жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Кәсіподақ жетекшісі – адамдарды жігерлендіріп, ортақ мақсатқа жету жолында біріктіре алатын тұлға, өз пікірін айтудан, әріптестерінің құқығын қорғаудан қорықпайтын басшы», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Ол Кәсіподақтар федерациясының, оның ішінде Кәсіподақ көшбасшылары мектебінің білім беру жобаларының жемісті әсеріне баса назар аударды.
Жұмысшылардың өзекті мәселелерін айта келе, Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының кейбір жетістіктеріне тоқталды.
«Біз ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 85 000 теңгеге дейін арттыруға қол жеткіздік, бірақ бұл бастамасы ғана. Біздің мақсатымыз – ең төменгі жалақының халықаралық стандарттарға сай болуын және елдегі орташа жалақының 50 пайызынан кем болмауын қамтамасыз ету», – деді ол.
Өзінің сөзін қорытындылай келе, ҚРКФ басшысы Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің түлектерін азаматтық ұстанымға және жұмысшылардың құқықтары үшін күресуге шақырып, олардың жаңа, әділ және әлеуметтік бағдарланған Қазақстанды қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы
