Поздравление Председателя ФПРК с Международным женским днем

Құрметті ханымдар!
Сіздерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әйел – сұлулық пен ізгіліктің, мейірім мен махаббаттың символы. Сіздер – өмірдің мәні мен сәні, отбасының алтын қазығы, қоғамның тірегі, ұлттың ұйытқысысыздар. Сіздер әр салада өз шеберліктеріңізбен, кәсіби біліктіліктеріңізбен ел экономикасын алға бастырып, ұрпақ тәрбиесінде, қоғамдық өмірде, өндіріс пен кәсіпкерлікте, білім мен ғылымда толағай табыстарға жетіп келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіз – ел болашағының берік іргетасы.
Біз әйел-аналардың, еңбек майталмандарының, жас мамандардың өз саласында өрлеуіне, құқықтары қорғалуы мен әділ еңбек бағасының берілуіне барынша қолдау көрсетеміз.
Еліміздің дамуына қосқан өлшеусіз еңбектеріңіз үшін, әрбір бастама мен игі істеріңіз үшін Сіздерге алғыс білдіремін! Сіздер барда өмір мәнді, болашақ жарқын, қоғамымыз бақыт пен ынтымаққа бөленеді.
Көктемнің әрбір күні Сіздерге қуаныш пен шаттық сыйласын! Отбасыларыңызда береке орнап, жүректеріңіз сүйіспеншілік пен жылылыққа толсын!
Ізгі тілекпен,
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Сатыбалды Дәулеталин