Құрметті қазақстандықтар, ардақты ағайын!
Сіздерді Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің, мейірімділік пен бірліктің мейрамы. Бұл күн – табиғаттың оянып, жаңа өмірдің басталуымен қатар, халқымыздың береке-бірлігін нығайтып, татулық пен достықтың салтанат құруына негіз болады.
Біздің ата-бабаларымыз Наурызды татулықтың, бірліктің және жаңғырудың бастауы деп білген. Бүгінде бұл мереке елдің бірлігі мен тұрақтылығын, әрбір азаматтың әл-ауқаты мен игілігін басты орынға қоятын қоғамымыздың ұстанымымен үндесіп отыр.
Қазақстан кәсіподақтары Еңбек адамының мүддесін қорғау жолында бірлескен істер атқарып, әрбір азаматтың лайықты еңбегі мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге күш салып келеді.
Еңбек адамы – елдің тірегі, мемлекеттің дамуы мен гүлденуінің басты қозғаушы күші. Сондықтан кәсіподақтар әрдайым халықтың еңбегін қорғау жолында аянбай еңбек ете бермек.
Осы көктемнің шуақты мерекесі әрбір шаңыраққа қуаныш пен молшылық, жақсылық пен бақыт әкелсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ырыс-берекеміз арта берсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы
Сатыбалды Дәулеталин