Құрметті әріптестер, қадірлі ағайын!
Сіздерді көктемнің көңілге шаттық сыйлайтын тамаша мерекесі – 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – тегі бөлек болса да, тілегі бір, ұлты өзге болса да, жүрегі бір жүзден аса ұлт пен ұлысты біріктірген Ұлы даламыздың бауырмал болмысының белгісі.
Бұл – ұлттың ұйытқысы, халықтың бірлігі, елдің тұтастығы салтанат құратын ерекше мереке.
Бүгінгі Қазақстан – жүзден аса ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жарасым тапқан, ортақ мүдде мен ортақ мақсатқа жұмылған ұлы ел.
Бірлік – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ең қастерлі құндылығымыз.
Береке мен ынтымақ – елдігіміздің еңсесін тіктеген, талай сыннан сүрінбей өтуге сеп болған арқауымыз. Бүгінгі бейбіт тіршілігіміздің де, еңбекпен жеткен жетістіктеріміздің де түп-тамыры – осы ел ішіндегі татулық пен бірлікте жатыр.
Кәсіподақтар қозғалысы әрқашан халықтың мұң-мұқтажын қорғап, еңбек адамының мүддесін биік қойған ұйым ретінде татулық пен келісімді басты құндылық санайды. Ел ішінде тыныштық орнаса – еңбек өнімді, қоғам гүлденген, болашақ нұрлы болмақ.
Осы жарқын мерекеде әр отбасыға амандық, жүректеріңізге қуаныш, шаңырақтарыңызға шаттық, елімізге ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!
Бірлігіміз бекем, тірлігіміз шуақты болсын!
Құрметпен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
С.Дәулеталин