Орал қаласында «Жұмысшы мамандықтар – экономикалық өсімнің қозғаушы күші» тақырыбына арналған Қазақстан-Ресей XXI Өңіраралық ынтымақтастық форумы өз бастауын алды. Форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері мен Ресейдің шекаралас аймақтарынан салалық сарапшылар, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жастар мен волонтерлер қатысуда.

Атаулы форум шеңберінде БҚО Кәсіподақтар орталығының баспасөз хатшысы Зарина Рахметова «Цифрлық экономика және жасанды интеллект: технологиялық серпіліс үшін мамандар даярлау» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысуда, ал «Батыс Қазақстан АЭЖК» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрайымы Альбина Арсланова «Энергетика және өнеркәсіп: жаңа экономикаға қажетті жаңа құзыреттер» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысуда.

Форум барысында қатысушылар экономиканың дамуы үшін еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандарды даярлау, жаңа технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы серпілістерді енгізу, сондай-ақ энергетика мен өнеркәсіп саласында жаңа құзыреттерді қалыптастыру мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар, іс-шара аясында өңіраралық тәжірибе алмасу, екі ел арасындағы серіктестікті нығайту және Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету бағытындағы жобалар қарастырылады.

Форум нәтижелері өңірлік экономикаға қажетті кадрларды даярлаудың заманауи модельдерін қалыптастыруға және екіжақты әріптестікті нығайтуға маңызды ықпал етеді деп күтілуде.
