Ербол Дауренбекұлы Қалманбаев Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданындағы шағын Мамай ауылында 1979 жылы дүниеге келді. Тағдыр оны әуел бастан-ақ мыңдаған жолаушының қауіпсіздігіне тікелей жауапты теміржол саласына жетелегендей.
Ол 2001 жылы «Темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы» мамандығы бойынша Астанадағы экономика колледжін және Павлодар теміржол көлігі қызметкерлерін даярлау орталығын тәмамдағаннан кейін, алғашқы кәсіби қадамын «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ филиалы – «Қырқыншы механикаландырылған жол дистанциясында» слесарь болып бастайды. Сол уақыттан бері осы ұжыммен бірге еңбек етіп келеді.
Кейін тепловоз машинисінің көмекшісі, жол машиналарының машинисі қызметтерін атқарды. Бүгінде Ербол Дауренбекұлы — теміржолдың учаскелерінде қиыршықтасты қоқыс пен бөгде заттардан тазартуға арналған RM-2002 машинасының жетекшісі.

Ербол колледжде оқып жүрген кездегі ең қиын сәтті тәжірибеден өту кезеңі деп есіне алады. Ол бұл кезеңде барынша жинақылықты, ұқыптылықты және теориялық білімді нақты жағдайда қолдануды талап еткенін айтады.
«Ал жұмыстағы ең жауапты және ең стресс тудыратын сәт — түнгі «окно» кезеңі. Сол уақытта қиыршықтасты тазалау және жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі, әр минут есепте, қателікке жол беруге болмайды. Жұмыстың сапасы, бригаданың үйлесімділігі және технологиялық процесті дұрыс ұйымдастыру — пойыздардың қауіпсіз қозғалысының кепілі. Маған артылған жауапкершілікті толық сезінемін. Мен үшін басты басымдық — мыңдаған адамның қауіпсіздігі», — дейді Ербол.
Күрделі жұмыс кестесі мен түнгі ауысымдарда еңбек ететін Ербол үшін отбасының қолдауы ерекше маңызды. «Отбасым мені әрдайым қолдайды. Жеті балам мен жұбайым жұмысымның жауапты екенін біледі, маған сенеді және мақтанады»,-деп ол ерекше жылылықпен жеткізді.
Көп жылдық еңбегі үшін Ербол Дауренбекұлы Қазақстан темір жолының 120 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен, Магистральдық желі дирекциясы филиалының, Жол және құрылыстар департаментінің, сондай-ақ Қырқыншы механикаландырылған жол дистанциясының грамоталарымен марапатталған.
Ербол Қалманбаев — теміржол саласына жас маман болып келіп, табандылығы мен еңбегінің арқасында маңызды жол машинасын басқаратын деңгейге дейін өскен еңбек адамы. Осындай адал еңбегімен, кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін жандар — теміржолдың да, тұтас елдің де берік тірегі.
