Орал қалалық Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «ORAL JASTARY: ЕҢБЕК МАМАНДАРЫ АЛАҢЫ» атты ауқымды форум өтті. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында ұйымдастырылып, өңір жастары мен еңбек саласының мамандарын бір алаңға тоғыстырды.
Форумның басты мақсаты — еңбек адамының қоғамдағы абыройын асқақтату, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, олардың өсуіне қолдау көрсету және жұмысшы мамандықтарының қазіргі замандағы маңызын кеңінен насихаттау.

Іс-шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Аслан Нұрланұлы Тапишев сөз сөйлеп, еңбек қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші екенін атап өтті. Ол жастардың кәсіби дағдыларын жетілдіру, еңбек нарығында өз орнын табуына жағдай жасау және жұмысшы мамандықтарын таңдауға ынталандыру бағытындағы бастамалардың ерекшелігіне тоқталды.
Форум барысында БҚО «Кәсіподақтар орталығы» жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Әдемі Жарасова еңбекші мамандықтардың беделі, оларды қолдау жүйесі, кәсіби білім мен біліктіліктің қоғам өміріндегі орны туралы мазмұнды баяндама жасады. Оның айтқан ойлары жастар үшін маңызды мотивациялық бағдар болды.

Шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, «Отбасы банк» АҚ филиалының басшылығы, мансап орталығының тәжірибелі мамандары қатысып, еңбек нарығындағы тенденциялар, жас мамандарға арналған бағдарламалар, кәсіби даму мүмкіндіктері және қаржылық қолдау тетіктері жайындағы құнды ақпараттарымен бөлісті.
Форумның ерекше сәті — «Жыл үздігі – 2025» жұмысшы мамандық иелерін марапаттау рәсімі болды. Өз саласында үздік нәтижеге жеткен еңбек адамдарының көпшілік алдында марапатталуы олардың еңбегіне деген құрметтің жоғары екендігін көрсетті. Бұл дәстүр жастарға үлгі болып, мамандыққа адал болудың маңызын айқындады.

Жалпы, форум жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін тереңірек ұғындыруға, жастарды қолдау бағытындағы жаңа қадамдарды айқындауға және еңбек мәдениетін дәріптеуге елеулі үлес қосты.
