Поздравление Председателя Федерации профсоюзов РК с Новым годом

Құрметті отандастар, қадірлі еңбек адамдары!
Сіздерді тарихтың жаңа парағын ашқалы тұрған жарқын мереке – Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Жаңа жыл – өткенге салауат айтып, болашаққа үлкен сеніммен қарайтын, асыл армандар мен асқақ мақсаттар тоғысатын ерекше мезгіл.Біз ерекше аталған 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтар жылын зор мақтанышпен қорытындылаймыз.
Бұл жыл біз үшін айрықша маңызды оқиғалармен тоғысты: біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық даңқты шежіресін жаңғыртып, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық белесін лайықты деңгейде атап өттік.
2025 жылы Астанада ХКК БЕАК Жазғы мектебі өтті, ал XXVII Съезд кәсіподақ қозғалысының жаңа стратегиясын белгіледі. Бұл іс-шаралар тұңғыш рет Қазақстанда әлемдік кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларын жинады.
Биылғы жылы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық аренадағы беделі одан әрі нығая түсті. Біз тек қатысушы ғана емес, жаңа өзгерістерді бастаушылар қатарынан табылдық. Қазақстан кәсіподақ қозғалысының тарихында алғаш рет Халықаралық еңбек конференциясында қазақ тілінде баяндама жасалды. ҚРКФ ұсынған ЖИ дәуірінде жұмысшы құқықтарын қорғау стандарты Азия және Еуропада негіз ретінде қабылданды.
Біз үшін өткен жыл белесті бекет, ал жаңа жыл еңбек адамының мерейін үстем етер тың мүмкіндіктер кезеңі болмақ.
Келе жатқан жылда Кәсіподақтар федерациясы еңбекші халықтың мүддесін қорғау жолындағы қасиетті миссиясын жаңа қарқынмен жалғастырып, қоғамның ең сенімді тірегіне айналатындығына кәміл сенімдіміз. Жастардың тың серпіні мен ардагерлердің асыл қазынадай тәжірибесі біріккен жерде біз бағындырмайтын асу, біз жеңбейтін қиындық болмайды.
Әрбір шаңыраққа құт-береке дарып, Жаңа жыл өздеріңізге тек қуаныш пен бақ-дәулет сыйласын. Денсаулықтарыңыз болаттай мықты, рухтарыңыз әрдайым асқақ, еңбекте жаңа табыстар көп болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман, болашағымыз жарқын болсын!
Жаңа 2026 жыл баршаңызға құтты, берекелі де мерекелі болсын!
Құрметпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
С.Дәулеталин