Жаңа Конституция – ел болашағының кепілі

Шымкент қаласындағы ҚР ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығында құқық қорғау органдары өкілдері мен курсанттардың қатысуымен маңызды кездесу өтті. Жиынға Коалиция мүшелері «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің мүшесі Еркебұлан Қамарханұлы Құлбасов, ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының бастығы, полиция полковнигі Асылбек Қадырұлы Алиев және «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Ілімшаұлы Алтеев қатысып, елдегі конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндірді.


«Адам құқықтары – мемлекеттің басты құндылығы» тақырыбында баяндама жасаған Бауыржан Алтеев өз сөзінде Қазақстан Конституциясының даму кезеңдеріне тоқталып, 2025 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан көтерілген жаңа Ата Заң қабылдау бастамасының себептерін ашып көрсетті.


Конституциялық реформаның басты ерекшелігі – оның жалпыұлттық диалог негізінде әзірленуі, саяси жүйедегі негізгі жаңашылдықтары, адам құқықтары туралы мәселелерге басымдық берілді.


Жиын соңында 2026 жылғы 15 наурызға белгіленген республикалық референдумның маңызы сөз болды. Баяндамашы бұл науқанның жай ғана дауыс беру емес, елдің жаңа құқықтық архитектурасын қалыптастыру екенін айтты.


«Конституция қабылданған күннен емес, адамдар сол заңмен өмір сүрген күннен бастап жұмыс істейді. Сондықтан әрбір азаматтың бұл реформаларға бейжай қарамауы маңызды», – деді Б. Алтеев.


Кездесу қатысушылары жаңа заң жобасының ашықтығы мен халықтық сипатын талқылап, құқықтық мемлекет құру жолындағы бұл қадамдардың маңыздылығын мақұлдады.