Тараз қаласында «Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен «Стресске төзімділік және кәсіби күйіп кетудің алдын алу. Уақытты тиімді басқару және прокрастинация. Инновациялық технологиялар» тақырыбында ауқымды семинар-тренинг өтті. Аталған іс-шара кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерін бір алаңға тоғыстырып, тәжірибе алмасу мен кәсіби дамудың тиімді платформасына айналды.
Семинар «Турист» қонақ үй кешенінің конференц-залында ұйымдастырылып, оған өңірдегі түрлі салалық кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, денсаулық сақтау, мемлекеттік және банк мекемелері, мәдениет, спорт, ақпарат, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және өндіріс салаларының кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері бас қосты. Мұндай кең ауқымды қатысу іс-шараның маңыздылығын айқындай түсті.

Семинар-тренингтің басты мақсаты – кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби және тұлғалық құзыреттерін арттыру, стресс жағдайында тиімді жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ уақытты басқарудың заманауи тәсілдерін меңгерту болды. Бүгінгі еңбек нарығында қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығы мен тиімді тайм-менеджмент дағдылары ерекше маңызға ие екені белгілі. Осы тұрғыда ұйымдастырылған тренингтің өзектілігі арта түседі.

Іс-шараның спикері – PhD докторы, адами ресурстарды басқару саласының сарапшысы Нәби Гүлзи Әскенқызы. Ол қатысушылармен тәжірибелік форматта жұмыс жүргізіп, теориялық білімді нақты практикалық тапсырмалармен ұштастырды. Тренинг барысында тимбилдинг элементтері кеңінен қолданылып, қатысушылар арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға және командалық рухты нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Семинар барысында стресс пен кәсіби күйіп кетудің негізгі себептері, оның белгілері мен салдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар брейнсторминг, топтық және жеке жұмыстар арқылы өз тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі жағдайларда тиімді шешім қабылдау жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, уақытты тиімді басқару, прокрастинациямен күресу әдістері және жасанды интеллект технологияларын жұмыс барысында қолдану мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады.

Іс-шара аясында арнайы диалог алаңы ұйымдастырылып, қатысушылар өзекті мәселелерді еркін форматта талқылады. Бұл өз кезегінде пікір алмасуға, жаңа идеялардың туындауына және әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Тренинг соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Жалпы, аталған семинар-тренинг кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби әлеуетін арттыруға, басқару дағдыларын жетілдіруге және заманауи талаптарға бейімделуіне ықпал ететін маңызды алаң болды. Мұндай іс-шаралар тек кәсіби білімді жетілдіріп қана қоймай, қатысушылардың тұлғалық дамуына, көшбасшылық қабілеттерін арттыруға, тиімді коммуникация мен келіссөз жүргізу дағдыларын қалыптастыруға да оң әсер етеді.
Сондай-ақ, кәсіподақ қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруда, еңбек қатынастарын тиімді реттеуде және жұмыс үдерісін жүйелі ұйымдастыруда мұндай тренингтердің рөлі айрықша. Сондықтан да осындай мазмұнды іс-шараларды тұрақты түрде өткізу – уақыт талабы.
