ҚРКФ Төрағасы Түркістан кәсіподақтары қызметінің басымдықтарын айқындады

Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы «Ұлы Дала Елі» мәдени орталығында болып, өңірдегі бастауыш және салалық кәсіподақ мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді.

2020 жылы ашылған «Ұлы Дала Елі» орталығында 9 экспозициялық зал орналасқан: «Ұлы Дала металлургиясы», «Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті», «Ұлы Дала жауһарлары», «Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы», «Қазақ Хандығы», «Ұлы Даланың қала мәдениеті», «Қазақстанның Тұңғыш Президенті», «Болашақ Қазақстан», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны». Орталықтың жалпы жәдігерлер саны 5129-ды құрайды.

Орталық директоры Гүлжанат Дүйсенбаеваның мәліметінше, қызметкерлер саны 62 адамды құрайды, олардың барлығы кәсіподақ ұйымының мүшелері.

Орталық қызметімен танысқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мәдени және рухани мұраны сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл орталық – нағыз тәрбие орны, мұнда келгендердің барлығы үшін білім бастауы. «Ұлы Дала» атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Сіздер қазақ даласының ұлан-ғайыр төсінде өмір сүрген бабаларымыздың дәстүрін, мәдениетін, мінезі мен рухын жалғастырып келесіздер. Осының барлығын халыққа, жастарға жеткізіп жүрсіздер. Өкінішке орай, музей және мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің еңбегі көбіне еленбей қалып жатады. Сондықтан біз үшін лайықты еңбек жағдайын жасау, олардың сапасын жақсарту – Кәсіподақтар федерациясының басым міндеттерінің бірі. Бұл еңбекақыға да, басқа да әлеуметтік мәселелерге де қатысты. Бүгінде бірлесу, өз құқықтарын білу және қорғау, бірге алға жылжу маңызды. Бірлік, ынтымақтастық және өзара қолдау арқылы біз мәдениет қызметкерлерінің жағдайын жақсарта аламыз», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Төрағасының жұмыс сапарының бағдарламасы Түркістан облысының кәсіподақ белсенділерімен кездесумен жалғасты. Түркістан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Бердіғали Өмірәлінің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірдегі аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 6 салалық филиалдың, 7 жергілікті кәсіподақ ұйымының және жалпы саны 65 мыңға жуық кәсіподақ мүшесін қамтитын 1281 бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметін үйлестіреді.

Әлеуметтік әріптестікті дамыту, кәсіподақтардың өңірдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуы, еңбекшілердің мүдделерінің сақталуын бақылау, соның ішінде өндірістегі қауіпсіздіктің сақталуына мониторинг жүргізу және әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру мәселелері сөз болды.

«2025 жылы Түркістан облысында өндірісте 40 жазатайым оқиға тіркелді. Осы оқиғалардың салдарынан 46 адам зардап шегіп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталды. Оның ішінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіретін кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейтін кәсіпорындарда 10 жағдай тіркеліп, зардап шеккендер саны 12 адамды құрады. Өндірістік жарақаттану деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға төмендеді», – деп хабарлады Кәсіподақ орталығының төрағасы.

Оның айтуынша, 2025 жылы өңірдегі кәсіподақ мүшелері үшін 59 оқыту семинары өткізіліп, оған 3 мыңнан астам адам қатысқан.

ҚРКФ Заң клиникасы филиалының жұмысы аясында еңбекшілердің құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлінуде.

«Түркістан облысының кәсіподақ заң клиникасы тек кәсіподақ мүшелеріне ғана емес, сонымен бірге өтініш білдіргендердің барлығына құқықтық қолдау көрсетеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша заң клиникасының сарапшылары 331 адамға құқықтық көмек көрсетті, оның 298-і – кәсіподақ мүшелері. Барлық жағдайлар оң шешімін тапты», – деді Бердіғали Өмірәлі.

Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жергілікті жерлердегі кәсіподақ қызметінің маңыздылығын баса айтты.

«Қазір біз өңірлерді аралап жүрміз. Түркістан облысына келіп, еңбекшілермен жеке кездесудемін. Біз әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу барысы қалай екенін, кәсіподақ мүшелерінде қандай өзекті мәселелер бар екенін талқылаймыз. ҚРКФ-ның жаңа Стратегиясын іске асыру аясында Федерациямыздың құрылымында және әлеуметтік әріптестермен тұрақты түрде пікір алмасып тұру қажет деп санаймын. Тек осылай ғана біз адамдардың өміріне қатысты шешімдерге тиімді әсер ете аламыз», – деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин әріптестеріне жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты ұлттық заңнамадағы өзгерістер туралы еске салды.

«Біз жаңа Конституцияға ұсыныстарды бірге қалыптастырдық және бүгінде Негізгі заң тек міндеттер мен құқықтарды ғана емес, еңбек адамының құндылығын да бекітеді. Бүгінде мемлекет еңбек адамы өз әлеуетін іске асыра алатын, өзінің құқытары қорғалғанын сезінетін, әділ еңбекақы мен жұмыс жағдайларының қауіпсіздігіне сенімді болатын жағдайлар жасау үшін жауапкершілікті өз мойнына алады. Мемлекет еңбек қауіпсіздігінен бастап әділ ақы төлеуге және кәсіби өсу мүмкіндіктеріне дейін барлық жағдайды жасауға міндеттенеді. Бұл – еңбекшілердің өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін түбегейлі жаңа тәсіл. Оқыту, біліктілікті арттыру және халықаралық әріптестердің тәжірибесін қолдану біздің күнделікті тәжірибеміздің бір бөлігіне айналуы тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Заңнамалық бастамаларға тоқтала отырып, ҚРКФ Төрағасы жаңа институт – Халықтық кеңестің ерекше рөлін атап өтті.

«Парламент бірқатар конституциялық заңдарды қарастыруда, олардың арасында Қазақстанның Халықтық кеңесін құру да бар. Оның жұмысына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де қатысатын болады. Кәсіподақтар федерациясы Халықтық кеңестің құрамына кіруге ниетті. Біз үшін бұл – еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған заңдарды әзірлеудің бірегей мүмкіндігі. Кәсіподақ тек мәселелерді айтып қана қоймай, жұмыс берушімен және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, оларды шешу жолдарын іздеуі керек», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүшелік ұйымдарының алдында тұрған міндеттер туралы айта келіп, Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар өткен жылдың соңында ратификацияланған ХЕҰ-ның №131 Конвенциясының нормаларын іске асыруға қатысуы және қабылданған тұжырымдамаға сәйкес кәсіподақтар қызметін цифрлық трансформациялауды жалғастыруы тиіс екенін атап өтті.

Кәсіподақтар федерациясының 2025-2030 жылдарға арналған жаңа қызмет Стратегиясын іске асыруды жалғастырудың маңыздылығын ҚРКФ Төрағасы Түркістан облысының оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім салалық кәсіподағы филиалының ұжымымен кездесуі барысында да айтып өтті.

Сатыбалды Дәулеталин оқу – ағарту, ғылым және жоғары білім салалық кәсіподағының елдегі кәсіподақ қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесіне тоқталды.

«Білім беру салалық кәсіподағы – ҚРКФ құрамындағы ең ірі кәсіподақ, ол біздің мүшелеріміздің шамамен 40 пайызын, яғни 600 мың адамды құрайды. Бұл кәсіподақтың қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Мұнда күн сайын еңбекақы төлеу, педагогтардың құқықтарын сақтау, білім беру процестерін ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатады. Облыстағы, бастауыш кәсіподақ ұйымдарындағы жұмыс тиісті деңгейде жолға қойылған. Бұл жолдан таймау керек, серпін беріп, бастамаларды қолдап, кадрларды оқыту мен дамыту қажет», – деп шақырды ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы