Жамбыл облысында білім саласы қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыруға, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыруға бағытталған ауқымды іс-шара өтті. Облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының акт залында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» облыстық байқауының ақтық кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Аталған байқауға аудандық және қалалық кезеңдерде үздік деп танылған 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысып, өзара бақ сынады. Бұл – өңірдегі 822 бастауыш кәсіподақ ұйымының ішінен іріктеліп шыққан үздіктер. Байқаудың басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, олардың жұмыс тиімділігін арттыру, еңбек ұжымдарындағы беделін нығайту және озық тәжірибелерін кеңінен тарату.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген сала басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысушыларға сәттілік тілеп, кәсіподақ қозғалысының маңыздылығына тоқталды. Олар бүгінгі байқау тек бәсекелестік алаңы ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу мен жаңа идеялардың тоғысатын ортасы екенін атап өтті.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде қатысушылар өз ұйымдарының қызметін сипаттайтын құжаттарын, жетістіктерін ұсынып, атқарылған жұмыстарын жан-жақты таныстырды. Ал ақтық кезеңде командалар кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін барынша көрсете білді.

Сайыс барысында қатысушылар еңбек және салалық заңнамалар бойынша тест тапсырды. Бұл кезең олардың құқықтық сауаттылығы мен кәсіби дайындық деңгейін айқындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, кәсіподақ қызметіне арналған бейнероликтер ұсынылып, әрбір ұйым өз жұмысын заманауи форматта таныстырды. Бейнероликтердің мазмұны терең, идеясы ұтымды болып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Байқаудың ең әсерлі кезеңдерінің бірі – «Біз кәсіподақ мүшесіміз, себебі…» тақырыбындағы шығармашылық таныстырылым болды. Бұл бөлімде қатысушылар өз ұйымдарының үздік тәжірибелерін сахналық қойылым арқылы көрсетті. Әсіресе Қордай, Шу, Меркі аудандары мен Тараз қаласының командалары көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Шу ауданының «Тәтті бал» қойылымы ерекше атап өтуге тұрарлық. Ертегі кейіпкерлері арқылы еңбек адамының бейнесін шебер жеткізген бұл қойылым мазмұны мен көркемдік шешімі жағынан үйлесімді шықты. Ал Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының «Еңбекші одақ» қойылымы көрерменге терең әсер қалдырды. Тарих пен бүгінгі күнді сабақтастыра білген бұл сахналық туынды залды тәнті етіп, жастардың жігері мен рухын айқын көрсетті.

Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы жастарының белсенділігі мен тың идеялары да көпшіліктің көңілінен шықты. Жалпы, әрбір команда өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, кәсіподақ жұмысының түрлі қырын аша білді.
Қорытынды кезеңде қатысушылар құқықтық жағдаяттарды шешу арқылы өз білімдері мен тәжірибелерін дәлелдеді. Бұл бөлімде олардың нақты жағдайларда дұрыс шешім қабылдай алу қабілеті сынға түсті.
Байқау барысында қазылар алқасы қатысушылардың кәсіби деңгейіне, шығармашылығына және ұйымдық жұмысына жан-жақты баға берді. Қазылар құрамындағы сарапшылар өз пікірлерін білдіріп, бүгінгі байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті. Олар әсіресе жастардың белсенділігі мен заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып жатқанын ерекше атап өтті.

Қонақ ретінде келген Түркістан және Қызылорда облыстарының кәсіподақ өкілдері де байқауға жоғары баға беріп, тәжірибе алмасудың маңыздылығын жеткізді. Бұл өз кезегінде өңіраралық ынтымақтастықтың нығая түскенін көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды.

Үшінші орынды Мойынқұм ауданынан қатысқан Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленді. Екінші орын Шу ауданындағы М.Әуезов атындағы орта мектеп ұжымына бұйырды. Бірінші орынды Қордай ауданындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының» бастауыш кәсіподақ ұйымы жеңіп алды.

Ал бас жүлде Тараз қаласынан қатысқан №40 гимназиясына табысталып, олар «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» атағына ие болды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сертификаттармен марапатталды, ал өзге қатысушылар арнайы номинациялармен ынталандырылды. Сонымен қатар, Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының өкілі Меркі және Талас аудандарының командаларын Түркістан қаласына қонақ ретінде шақыратынын мәлімдеді.

Бұл байқау – кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттырып қана қоймай, білім саласындағы қызметкерлердің бірлігін, ынтымақтастығын нығайтқан маңызды алаң болды. Осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, кәсіподақ қозғалысының дамуына тың серпін беретіні сөзсіз.
