Білім беру жүйесі кәсіподағының пленумы: цифрландыруға бағыт

Жұма күні, 10 сәуірде, Астанада Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның жетекшілігімен кәсіподақтың Орталық комитетінің Пленумы өтті. Жиынға еліміздің барлық өңірлерінен кәсіподақ белсенділері жиналды. Оның жұмысына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева қатысты.

Пленумның негізгі тақырыбы: «Білім беру ортасын цифрландыру және еңбек заңнамасындағы өзгерістер жағдайында кәсіподақ мүшелігін құқықтық қорғау мен ынталандырудың жаңа тәсілдері».

Дәстүр бойынша білім беру саласының кәсіподақтары өткен жылғы қызмет қорытындысын шығарып, ағымдағы кезеңге арналған бірінші кезектегі міндеттерді белгіледі.

«Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағына қарасты ұйымдардың жұмысы тексеріліп, жылдық есебіне баға берілді. Оның шеңберінде негізгі бағыттар қамтылды: әлеуметтік әріптестікті дамыту, келісімдер мен ұжымдық шарттардың орындалуы, еңбек заңнамасының сақталуы, келісу комиссияларының қызметі, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша өндірістік кеңестердің жұмысы, сондай-ақ ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыс деңгейі. Бағалау — барлық деңгейдегі жүйелі әрі үйлесімді жұмыстың көрсеткіші», — деп атап өтті салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева.

Айта кету керек, талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша кәсіподақ қызметін ұйымдастыру және сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау тиімділігін салалық кәсіподақтың Ақмола облыстық филиалы бастап тұр.

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашева әріптестерімен кәсіподақ қызметін цифрлық жаңғыру жоспарларымен бөлісті.

«Цифрлық кәсіподақ» жобасы бойынша жұмыс басталып кетті. Біздің басты мақсатымыз — кәсіподақ мүшелеріне көмек көрсету кезінде заманауи технологияларға біртіндеп көшу жолдарын жан-жақты пысықтау. Қазірдің өзінде бірнеше филиалда жұмыстың цифрлық үлгілері қолданысқа еніп жатыр. Енді осы тәжірибені барлық жерде кеңінен өрістетуіміз керек», — деді білім беру саласы кәсіподағының басшысы.

Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева Пленумның тақырыбы — цифрландыру және бұл үдерістегі кәсіподақтардың рөлі — бүгінгі таңда аса маңызды екеніне тоқталды.

«Кәсіподақтарды цифрлық жүйеге көшіру мәселесі Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында нақты көрсетілген. Бұл құжатта автоматтандыру мен жасанды интеллект дамыған заманда жұмысшылардың құқығын сенімді қорғай алатын заманауи кәсіподақ қозғалысын құруға басымдық берілген. Біздің мақсатымыз — әрбір кәсіподақ мүшесімен байланыстың ашық, қолжетімді әрі жылдам болуын қамтамасыз ету. Бүгінде екі миллионға жуық қазақстандық цифрлық салаларда жұмыс істейді: бұған курьерлік қызмет, IT-фриланс, қашықтан жұмыс істеу мен маркетплейстер жатады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай мамандықтардың 14 пайыздан астамы автоматтандыру әсерінен өзгеруі мүмкін. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект — бұл тек болашақ емес, қазірдің өзінде еңбек пен экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан кәсіподақтар үшін бұл тек құралдарды жаңарту ғана емес, өз мақсатын жаңаша бағамдауды қажет етеді. Цифрландыру — бұл таңдау емес, заман талабы», — деді Гүлнар Жұмагелдиева.

Сонымен қатар, Кәсіподақтар федерациясы осы бағыттағы нақты іс-қимыл жоспарын бекітті. ҚРКФ Бас кеңесі цифрлық трансформацияның Жол картасын қабылдады. ҚРКФ аппаратында арнайы Цифрлық технологиялар департаменті ашылып, бүгінде «Цифрлық кәсіподақ» бірыңғай платформасы мен өтініштерді талдайтын жасанды интеллект моделі әзірленуде. Кәсіподақтар федерациясы жаңа заңдарды дайындау ісінен де шет қалған жоқ. Кәсіподақ өкілдері «Цифрлық кодекс» пен «Жасанды интеллект туралы» заң жобаларын талқылауға қатысып, еңбекшілердің мүддесін қорғайтын ұсыныстарын енгізді. Жақын арада Кәсіподақтардың цифрлық әдеп және ынтымақтастық кодексі мен Цифрлық кәсіподақ көшбасшыларының академиясы жұмысын бастамақ.

«Биыл біз Just Transition, Fair Digitalization сияқты халықаралық бастамаларға қосыламыз. Федерация кәсіпорындарда жасанды интеллект енгізілген кезде жұмысшылардың құқығын қорғайтын Бірыңғай стандарт әзірледі. Бұл құжат Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесінде мақұлданып, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының (ХКК) жоғары деңгейдегі конференцияларында таныстырылды. Салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашеваның бұл стандартты халықаралық сарапшылар алдында сәтті қорғап шыққанын ерекше атап өткім келеді. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының арнайы бағдарлама қабылдап, жасанды интеллектіні алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізгені көңіл қуантады», — деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Гүлнар Жұмагелдиева алдағы атқарылатын жұмыстарды да тізбелеп берді.

«Біз алдағы уақытта цифрлық заңнамаларды іске асыруға қатысты құжаттарды сараптаумен айналысамыз. Жұмысты автоматтандырылған жүйелер басқарған кезде жұмысшының құқығы аяққа тапталмауын қадағалаймыз. Кәсіподақтардың цифрлық қызметтерін дамытып, заңдық көмекті барынша жеделдетеміз. Технологияның келуімен жұмыссыз қалу қаупі бар адамдарды қайта оқыту мен бейімдеу мәселесін басты назарда ұстаймыз. Кәсіподақтың міндеті — алгоритмдер билеген заманда еңбек адамының мүддесін қорғап, цифрландырудың әлеуметтік әділеттілікке қызмет етуін қамтамасыз ету» , — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасының орынбасары.

Пленумға қатысушылар Кәсіподақтар федерациясының цифрландыру бағытын толық қолдады. Жиын соңында бірнеше кәсіподақ жетекшілері мен белсенділері ерен еңбегі үшін арнайы марапаттарға ие болды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы