10 сәуірде, жұма күні, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» атты білім беру курсының «Еңбек заңнамасын сот тәжірибесінде қолданудың өзекті мәселелері» тақырыбында кезекті онлайн-семинары өтті.

Семинарды аша отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобаларының авторы әрі үйлестірушісі, Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова қазіргі заманғы кәсіподақ жұмысы заңнаманы терең білуді ғана емес, сонымен бірге оны іс жүзінде қолдана білуді де талап ететініне тоқталды.
«Кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығы еңбек адамын қорғаудың нақты құралына және жұмыс ұжымдарындағы даулардың алдын алудың маңызды тетігіне айналуда», — деп атап өтті ол.
Семинардың дәріскері ретінде Павлодар облысы Кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі жанындағы «Татуласу орталығының» жетекшісі Марина Иванова сөз сөйледі. Ол — еңбек дауларын шешуде мол тәжірибесі бар маман. Оның баяндамасы шынайы оқиғалар мен өзекті сот тәжірибесіне негізделді, бұл қатысушыларға заңның іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көруге мүмкіндік берді.

Спикер жеке еңбек дауларын қараудың реттілігін — келісу комиссиясының жұмысынан бастап сот процесіне дейін егжей-тегжейлі түсіндірді. Ол істің нәтижесі кәсіподақ тарапының сауатты әрекеттеріне тікелей байланысты болатын шешуші кезеңдерге баса назар аударды.

Қатысушылар талап арыздарды әзірлеу тәртібін, еңбек және ұжымдық шарттардан, сондай-ақ ішкі нормативтік актілерден туындайтын істерді қараудың ерекшеліктерін нақты ұғынды.
Нақты сот істерін талдау қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олардың ішінде мынадай даулар болды: жұмысқа қайта орналасу; мәжбүрлі түрде жұмыстан қалған уақыт үшін жалақы өндіру; міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлету; зиянды еңбек жағдайлары үшін төлемдерді рәсімдеу; моральдық зиянды өтеу.
Мысалдар қатысушыларға жиі жіберілетін қателіктерді көруге және жұмысшылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тәсілдерін үйренуге көмектесті.

Медиация тәжірибесіне де жеке тоқталды. Марина Иванова дауларды реттеу туралы келісімдер жасасу жолдарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, қақтығыстарды сотқа жеткізбей шешу әлеуметтік шиеленісті азайтуға және тараптар арасындағы түсіністікті сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қорытындылай келе, спикер кәсіподақ белсенділерін жүйелі түрде құқықтық оқытудың маңыздылығын тілге тиек етті.

«Заңды және сот тәжірибесін білу — бұл жай ғана теория емес, бұл жұмысшылардың құқығын сауатты, дер кезінде және нәтижелі қорғауға мүмкіндік беретін құрал», — деді Марина Иванова.
Семинарға қатысушылар сабақтың күнделікті жұмысқа қажеттілігі мен өзектілігін айтып, оның маңызын жоғары бағалады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасын әрі қарай дамытып, кәсіподақ мамандарының құқықтық әрі кәсіби біліктілігін нығайтуды және еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи мәдениетін қалыптастыруды жалғастыруда.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
