Жұма, 10 сәуір күні Маңғыстау облысының Кәсіподақтар үйінде өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен еңбек қатынастары саласының мамандарына арналған ауқымды оқыту семинары өтті. Шара еңбек құқығын қорғау, медиация тетіктерін қолдану және кәсіподақ заңнамасын жетілдіру мәселелеріне арналды.

Жиынға «Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Серік Бекбергенов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков, ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, дәріскер Лаззат Есжанова және 30-дан астам бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.
Семинардың ашылуында сөз алған Серік Бекбергенов құқықтық сауаттылықтың маңыздылығына тоқталды.

«Кәсіподақтардың басты мақсаты – әрбір жұмыскердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау. Бүгінгі таңда тек ниет қана емес, терең құқықтық білім де қажет. Сондықтан кәсіподақ белсенділерінің біліктілігін арттыру – біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы», – деді ол.

Оқу бағдарламасы аясында қатысушылар Қазақстан Республикасының «Кәсіподақтар туралы» заңнамалық негіздерін, ұжымдық шарттардың кепілдіктерін және еңбек шартын бұзудың заңды жолдарын егжей-тегжейлі талдады. Ерекше назар еңбек дауларының алдын алу мен келіссөздер жүргізу өнеріне аударылды.
ҚРКФ төрағасының кеңесшісі Қайрақбай Жанабеков кәсіподақтардың әлеуметтік тұрақтылықтағы рөлін атап өтті.
«Кәсіподақ – жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір және теңгерімді сақтайтын негізгі институт. Дауды ушықтырмай, заң аясында шешу үшін кәсіподақ өкілі нормативтік-құқықтық базаны жетік меңгерген кәсіби маман болуы тиіс», – ҚРКФ төрағасының кеңесшісі.
Өз кезегінде халықаралық тренер-фасилитатор Лаззат Есжанова медиация құралдарын тиімді қолданудың артықшылықтарын түсіндірді.

«Еңбек дауларын реттеудің ең тиімді жолы – сындарлы диалог пен келіссөз мәдениеті. Медиация – бұл тараптарды ортақ шешімге келтіретін бірегей құрал. Біз кәсіподақ жетекшілеріне жанжалды басқаруды және психологиялық тұрғыда сауатты қарым-қатынас орнатуды үйретеміз», – деп атап өтті спикер.

Семинар тәжірибе алмасу форматында өтті. Қатысушылар жеке еңбек дауларын қарау тәртібі мен өндірістегі түйткілді мәселелер бойынша спикерлерге сұрақтар қойып, нақты жағдайларға негізделген жауаптар алды.



Жиын соңында барлық қатысушыларға кәсіби біліктілігін растайтын арнайы сертификаттар табысталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай білім беру жобалары өңірдегі әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді.
