Арал қаласында облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның көшпелі отырысы өткізілді. Отырысқа облыстық және аудандық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының басшылары қатысты.

Жиынды комиссия төрағасының орынбасары, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Мақсұт Нәлібаев жүргізді.

Күн тәртібіне сәйкес, аудан әкімінің орынбасары Шерхан Есжанов өңірдегі әлеуметтік әріптестіктің даму барысы мен еңбек қатынастарының қазіргі жағдайы туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, облыстық қоғамдық даму басқармасының мониторинг және талдау бөлімінің басшысы Сәулет Сахиев әлеуметтік шиеленіс картасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Жұмағұлов өңірдегі еңбек қатынастарының жалпы жағдайы мен еңбек тәуекелдері картасы бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы мәлімет берді.
Жиында «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Гүлсім Денеева әлеуметтік аударымдар мен төлемдердің орындалу деңгейіне талдау жасап, өзекті мәселелерді атап өтті.Отырыс барысында еңбек дауларының алдын алу, жалақы берешегіне жол бермеу, әлеуметтік төлемдердің уақытылы аударылуын қамтамасыз ету, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселелері жан-жақты қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге еңбек тәуекелдері картасына енгізілген кәсіпорындармен нақты жұмыстар жүргізу, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында тиісті тапсырмалар берілді.

Аталған отырыс әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қатынастарын жетілдіру және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді алаң.
