Кітапхана ісінің майталманы

Гуля Ізтілеуқызы — кітапхана саласына саналы ғұмырын арнап, руханият әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті де тәжірибелі маман. Оның осы саладағы үздіксіз еңбегіне биыл 40 жылдан астам уақыт толды.

Кәсіби жолын 1983 жылы Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін тәмамдаған соң, Қарғалы ауданындағы Сарыбұлақ ауылдық кітапханасының меңгерушісі болып бастаған. Білімге деген құштарлық оны жоғары оқу орнына жетелеп, 1991 жылдан бері С. Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында табанды қызмет етіп келеді.

Әр жылдары кітапхананың түрлі бөлімдерінде жұмыс істей отырып, мол тәжірибе жинақтады. 2006 жылдан бастап анықтама-библиографиялық бөлімді басқарып, саланың дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ол кітапханашыларға арналған семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып, өз тәжірибесімен бөлісуде.
Заманауи технологияларды жетік меңгерген маман ретінде электрондық каталог пен виртуалды анықтамалық қызметті дамытуға белсенді атсалысып жүр. Сонымен қатар республикалық және халықаралық конференцияларға қатысып, кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отырады.
Гуля Ізтілеуқызының еңбегі лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болған.
Ол – кітапхана ісінің өркендеуіне зор үлес қосып жүрген, кейінгі буынға үлгі боларлық тәжірибелі маман.