Сейсенбі, 14 сәуір күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің жетекшілігімен ҚРКФ Атқару комитетінің мәжілісі өтті.
Жиын барысында мүше ұйымдардың 2025 жылдың статистикалық есептерінің қорытындысы талқыланып, кәсіподақ қозғалысын алдағы уақытта дамытудың басты бағыттары айқындалды.

Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш Атқару комитеті мүшелеріне кәсіподақ қозғалысының бүгінгі жай-күйіне жасалған ауқымды талдауды таныстырды.
Оның мәліметінше, 2026 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Кәсіподақтар федерациясы құрамында 24 салалық кәсіподақ, 18 аумақтық бірлестік, 467 филиал, 201 жергілікті кәсіподақ және 16 691 бастауыш ұйым бар. Еліміздегі 16 572 кәсіпорын мен мекемеде кәсіподақ құрылымдары жұмыс істеп жатыр. Ондағы еңбек ететін 1 735 383 адамның 90,7%-ы кәсіподақ мүшесі.
Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 1 573 504 адамға жетті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 8 857 адамға көп. Кәсіподақ мүшелерінің құрамына тоқталсақ, жұмысшылар саны 1 508 170 адамды, студенттер 34 116 адамды, ал зейнеткерлер 31 218 адамды құрайды. Әйелдер қауымы жалпы мүшелердің 54,7%-ын немесе 861 067 адамды көрсетсе, 35 жасқа дейінгі жастар 428 743 адамға немесе 27,2%-ға тең.

«Кәсіподақ мүшелері санының артуы негізінен білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызмет салаларында байқалатынын, бұл бағыттарда бастауыш ұйымдар құру мен жұмысшыларды тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр», – деді Нұрлыбек Жұмаш.

Ең ірі салалық кәсіподақтардың қатарында Оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағы – 601 648 адам, «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы – 203 212 адам, «QAZAQMETAL KÁSIPODAǴY» тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіподағы – 120 879 адам және «Қызмет» кәсіподағы- 103 350 адам бар.
Нұрлыбек Жұмаштың айтуынша, 2025 жылы 551 жаңа бастауыш ұйым ашылып, оған 34 410 жаңа мүше қосылды.
«Кадр даярлау мен кәсіби біліктілікті арттыруға да баса мән берілуде. 2025 жылы 123 614 адам кәсіподақ оқуынан өтті. Оның ішінде 67 554 қатардағы кәсіподақ мүшелері, 24 351 белсенді, 14 900 төраға және 16 809 тексеру комиссиясы мүшелерінің білімін шыңдады. Бұл оқулар кәсіподақ құрылымының барлық деңгейін қамтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған» , – деп атап өтті ҚРКФ аппарат басшысы.
Оның айтуынша, ұжымдық-шарттық қатынастар аясында 15 571 ұжымдық шарт жасалған болса, оның 2 251-і өткен жылы бекітілді.
«Жұмысшыларды ұжымдық шартпен қамту деңгейі 96%-ға жетіп, бұл құжаттардың игілігін 1 406 995 қызметкер көріп отыр. Еңбек қауіпсіздігі саласында 11 313 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның 9 422-сі кәсіподақтардың бастамасымен құрылған. Қоғамдық бақылауды 16 346 техникалық инспектор жүргізеді. Өткен жылы еңбек жағдайларына қатысты 82 138 тексеріс өтіп, 140 454 олқылық анықталды және олардың 97%-ы реттелді. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 4 822 оқыту шарасы ұйымдастырылды», – деді Нұрлыбек Жұмаш.
Статистикалық есепке сүйенсек, кәсіподақтардың құқық қорғау жұмысы да өте нәтижелі. 2025 жылы 42 143 өтініш қаралып, оның 99%-ы адамдардың пайдасына шешілді. Көбіне еңбекақы төлеу және әлеуметтік-еңбек құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар түскен. 39 790 жағдайда құқықтық көмек көрсетіліп, оның ішінде сотта қорғау және келісім комиссияларына қатысу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде талап арыздардың 75%-ы қанағаттандырылып, 39 қызметкер жұмысына қайта орналасты.
Статистикалық есептің қорытындысын түйіндей келе, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысының қазіргі жай-күйіне жан-жақты баға берді. Алдағы уақытқа арналған алты негізгі міндетті айқындады: жұмысшыларға күнделікті қолдау көрсету, еңбеккерлердің өтініштеріне жедел жауап қату, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, істі қағаз жүзінде емес, нақты іс-әрекеттермен көрсету, жастар мәселесіне баса назар аудару және кәсіподақ инфрақұрылымын цифрлық жүйеге көшіру. ҚРКФ Төрағасы осы бағыттардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталды.
«Біз 751 бастауыш кәсіподақ ұйымын құрдық. Бұл біздің ықпалымыздың артып жатқанын көрсетеді. Бастауыш ұйымдар ашылған кәсіпорындарда жұмысшылардың 90%-ына жуығы кәсіподаққа мүше болып жатыр, демек, жұмыс дұрыс бағытта атқарылуда. Бүгінгі таңда бізге жұмыс құрылымын қайта қарау қажет. Атап айтқанда, күш біріктіру, ресурстарды бір орталыққа жұмылдыру және құрылымдарды ірілендіру мәселелерін қолға алуымыз керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, ұсақ құрылымдардың қауқары азайып, жұмысшылардың мүддесін толық қорғай алмай қалады. Қазір заман да, экономика да өзгерді, сондықтан ескі әдістер нәтиже бермейді. Бізге болып жатқан үдерістерді сырттай бақыламай, кәсіподақ қозғалысының жаңа келбетін белсенді түрде қалыптастыру қажет», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы ұжымдық-шарттық қатынастарды кеңейтудің маңыздылығын тілге тиек етті. Бұл — ұжымдағы әлеуметтік-еңбек қатынастарының құқықтық кепілі.
«Ұжымдық шарт — бұл жүйенің қосымша бөлшегі емес, оның негізгі діңгегі. Егер бір ұйымда кәсіподақ бола тұра, ұжымдық шарт жасалмаса, демек, ол жүйе өзінің басты міндетін атқарып отырған жоқ. Сондықтан жұмыс басты қазақстандықтарды әлеуметтік кепілдіктермен толық қамту үшін аймақтар мен салалар бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізуді жалғастыру керек. Біз ұжымдық шарттардың жүз пайыздық қамтылуына қол жеткізуіміз тиіс», — деді ҚРКФ Төрағасы.
Сонымен қатар, Сатыбалды Дәулеталин еңбекті қорғау мен техникалық бақылау тетіктерінің қаншалықты нәтижелі екенін, шынайы бағалау қажеттігіне әріптестерінің назарын аударды.
«Бізде 16 мыңнан астам техникалық инспектор бар, бұл — өте үлкен күш және олар барынша тиімді жұмыс істеуі тиіс. Алайда кейбір салаларда өндірістік жарақаттану деңгейі азаймай, тіпті артып отырғанын көріп отырмыз. Бұл бақылау жүйесінің толық қуатында жұмыс істемей жатқанын білдіреді немесе инспекторлар заң бұзушылықтарды анықтамайды, не олардың ескертулері жұмыс берушіге жетпей, ешқандай өзгеріске әкелмейді. Демек, кейбір салаларда өндірістік кеңестер тек қағаз жүзінде ғана бар», — деп нақтылады Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Осы мәселелерді негізге ала отырып, Атқару комитетінің мүшелеріне кадрлық құрамның сапасын арттыру міндеті жүктелді.
«Біз сан қууды қойып, сапаға көшуіміз керек. Бізге өндірісті жақсы түсінетін, қауіп-қатерлерді талдай білетін және заң бұзушылықтарды жоюға қол жеткізе алатын техникалық инспекторлар қажет. Егер маман бұл талаптарға сай келмесе, оны тек статистика үшін жүйеде ұстап отыра алмаймыз. Сондықтан биыл жүйенің кәсіби деңгейін көтеру үшін техникалық инспекторларды аттестациядан өткізіп, оқытуды қолға алу қажет. Кәсіподақ — бұл жай ғана ресми ұйым емес, бұл жұмысшыларды қорғаудың нақты құралы», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз сөзінде ҚРКФ Төрағасы жұмысшылардың нақты табысын қорғау тәсілдерін қайта қарау қажеттігін де қозғады.

«Біз жалақының күнкөріске жету деңгейі төмендеп жатқанын байқап отырмыз. Қағаз жүзіндегі сандар өсіп, статистика орташа жалақының артқанын көрсетуі мүмкін, бірақ адамдардың нақты табысы көбейіп жатқан жоқ. Себебі — инфляция, ол жалақының өсімін «жеп қояды», содан кейін адамдар бұл өсімнің пайдасын сезінбейді. Сондықтан жалақыны индекстеу тетігі жүйелі түрде бекітіліп, анда-санда емес, тұрақты жұмыс істеуі керек. Бұл ретте индекстеу — жалақының көтерілуі емес, тек шығындардың орнын толтыру екенін түсіну маңызды. Заңнамада және ұжымдық келісімдерде ол дәл осылай қабылдануы тиіс», — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин жұмысты жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі ретінде бүкіл кәсіподақ жүйесін цифрландыруды атады.
«Бүгінде біз толыққанды цифрлық басқару жүйесіне көшуіміз керек. Бұл жерде әңгіме жай ғана жекелеген цифрлық бағдарламаларды енгізу туралы емес, кәсіподақ мүшелерінің өтініштері мен шағымдарын өңдейтін бірыңғай жүйе құру туралы болып отыр. Әрбір адам өз өтінішінің қашан тіркелгенін, оның қанша уақытта қаралатынын және қазір қай кезеңде тұрғанын нақты білуі тиіс. Біз тіпті жасанды интеллектіні басқару жүйесінің бір бөлшегі ретінде пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Кәсіподақ жұмысындағы алдағы өзгерістер туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин жастармен жұмыс істеудің маңыздылығына тоқталды.

«Қазіргі жастардың ойлау жүйесі мүлдем бөлек — олар цифрлық технологияға, нақты жобаларға және нәтижеге сүйенеді. Сондықтан жастар үшін жай ғана мүше болу емес, нақты жобаларға қатысу, маңызды істерге ықпал ету және өз жұмысының жемісін көру қызықты. Кәсіподақтағы жастар сырттай бақылаушы емес, белсенді қатысушы болуы керек. Жаңа буынды тек осылай ғана қолдай аламыз», — деді ҚРКФ Төрағасы.
Ұйымдастыру және құрылымдық мәселелерді қорытындылай келе, Сатыбалды Дәулеталин әріптестерінің назарын орындаушылық тәртіпке аударды. Кәсіподақтар федерациясы деңгейінде қабылданған шешімдердің барлық жерде бірдей орындалуы тиіс екенін айтты.

«Соңғы мәселе — орындаушылық тәртіп. Атқару комитеті мен Бас кеңестің шешімдері барлығына міндетті. Біз осы жерде шешім қабылдап, ал жергілікті жерлерде ол шешімдер әркімнің өз білгенінше орындалуына жол берілмейді. Бақылау қатаң жүргізіледі», — деді Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.
Сөзінің соңында Сатыбалды Дәулеталин бүкіл жүйені түбегейлі жаңғырту қажеттігі туралы қорытынды жасады.
«Тұтастай алғанда, алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Біз ұжымдардың ішінде, адамдардың қасында болуымыз керек және олардың мәселелерін күн сайын шешіп отыруымыз қажет. Кәсіподақ — еңбек адамына күнделікті шынайы көмек беретін тірі механизмге айналуы тиіс», — деп толықтырды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Отырыс қорытындысы бойынша Атқару комитеті салаларда бастауыш ұйымдар құру, ұйымдастыру құрылымын нығайту, кәсіподақ мүшелерін электронды есепке алуды енгізу және жұмыс барысында онлайн-құралдарды қолдануды жалғастыру шараларын қабылдады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
