Астанада «Қызмет» кәсіподағы филиалының IX конференциясы өтті

Ағымдағы жылғы 10 сәуірде Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалының IX есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Оған филиалдың бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері болып табылатын делегаттар қатысты. Сайланған 43 делегаттың 34-і қатысып, 9-ы дәлелді себептермен қатыса алмады. Сонымен қатар іс-шараға шақырылған әлеуметтік әріптестер де қатысты.

Конференция жұмысына «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Қайрат Сұлтаналин, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің әдеп жөніндегі уәкілі Гүлжахан Усенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әдеп жөніндегі уәкілі Үркен Алшынбаева, сондай-ақ әлеуметтік әріптестер – Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ерлан Жүсіпов, Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Айжан Түгелбаева, Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ директоры Нұралы Айдашев, елордадағы медициналық-әлеуметтік мекемелердің директорлары және басқа да тұлғалар қатысты.

Соңғы бес жылдағы елордалық филиалдың қызметі туралы баяндамамен филиал төрағасы Атақозы Нұрланов сөз сөйледі. Сондай-ақ 2020–2025 жылдарға арналған тексеру комиссиясының есебі тыңдалды.

Делегаттарды «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов құттықтап, кәсіподақтың дамуындағы негізгі бағыттарды атап өтті және елордалық филиалдың қызметіне оң баға беріп, оның серпінді дамуын және барлық бағыттар бойынша жұмыстың жандануын ерекше атап өтті.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша Астана қаласы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағы филиалының төрағасы лауазымына Атақозы Нұрланов бірауыздан сайланды.

Күн тәртібіне сәйкес ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды: филиалдың Атқару комитетінің мүшелері мен тексеру комиссиясының құрамы сайланды.

Әлеуметтік әріптестер – Айжан Түгелбаева мен Ерлан Жүсіпов өз сөздерінде әлеуметтік әріптестік аясындағы филиалмен тиімді ынтымақтастықты атап өтті.

Өз кезегінде Атақозы Нұрланов конференция қатысушыларына көрсетілген сенім мен қолдау үшін алғыс білдіріп, еңбек жағдайларын жақсартуға, қызметкерлерді моральдық және материалдық ынталандыру жүйесін дамытуға және әлеуметтік жауапкершілікті нығайтуға бағытталған әлеуметтік диалогтың маңыздылығын атап өтті.

Конференция қатысушылары кәсіподақ қозғалысын одан әрі дамыту стратегияларын талқылап, қызметкерлердің ұжымдық келіссөздерге қатысуын белсендіру және олардың құқықтарын қорғау қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Конференция белсенді кәсіподақ қызметі үшін марапаттау рәсімімен аяқталды.