Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: Іс қағаздарын жүргізудің тиімді жолдары

15 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» білім беру жобасы аясында «Бастауыш кәсіподақ ұйымындағы ұйымдастыру жұмысы» тақырыбында кезекті онлайн-семинар өтті.

Семинардың дәріскері ретінде ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары, жоба үйлестірушісі Ләззат Есжанова сөз сөйледі. Ол өз сөзінде кәсіподақ жұмысының нәтижелілігі тек белсенділікке ғана емес, сонымен бірге іс қағаздарының сауатты жүргізілуіне де тікелей байланысты екенін баса айтты.

Семинар барысында кәсіподақ ісіндегі құжаттаманың үш маңызды бағыты, атап айтқанда, ресми құжаттарды сауатты дайындау, құжаттардың айналымы мен есебін жүргізу және оларды мұрағатта сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.

«Кәсіподақ құжаттары тек ұйым ішіндегі бұйрықтар емес, қажет болған жағдайда сотта еңбек дауларын шешетін басты айғаққа айналады. Дұрыс толтырылмаған немесе заң талаптарына сай жасалмаған құжат өзінің заңдық күшін жояды, ал бұл өз кезегінде кәсіподақ жұмысына нұқсан келтіріп, жұмысшының құқығын қорғауға кедергі келтіруі мүмкін» , – деді Ләззат Есжанова.

Сонымен қатар, семинарда кәсіподақ ұйымдарының жұмыс берушілермен, мемлекеттік органдармен және әлеуметтік әріптестермен байланыс орнату кезіндегі құжат алмасу ерекшеліктері сөз болды. Құжаттардың сапасы мен олардың уақытылы дайындалуына кәсіподақ төрағалары тікелей жауапты екені де ескертілді.

Қатысушыларға көмек ретінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жиі қолданылатын құжат үлгілерінің жинағы ұсынылды. Бұл әдістемелік құрал кәсіподақ көшбасшыларына күнделікті жұмысты жеңілдетіп, қателіктерді азайтуға септігін тигізеді.

Семинарға қатысушылар сабақтың күнделікті жұмысқа қажеттілігі мен өзектілігін айтып, оның маңызын жоғары бағалады.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы