«Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясында кездесулер легі жалғасуда

Бүгін «Қалың қалай, бастауыш?» акциясы аясында Абай облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қуаныш Сүлейменов «Ертіс өңірі ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Семейғазы Егеубаевпен бірге Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Абай облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясына барды.

Сапар Семейғазы Егеубаевтың еңбек жолын аяқтап, зейнеткерлікке шығуы қарсаңында өтті. Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен еңбек заңнамасының өзекті мәселелері, ұжымдық шарттарды іске асыру, сондай-ақ құқықтық және әлеуметтік-еңбек сипатындағы ағымдағы мәселелер талқыланды.

Қуаныш Сүлейменов өз сөзінде кәсіподақтың негізгі миссиясына тоқталды.

«Біздің басты мақсатымыз – әрбір еңбек адамының өзін қауіпсіз сезінуін және өз құқықтарының қорғалатынына сенімді болуын қамтамасыз ету. Ұжымдық шарт – бұл жай ғана қағаз емес, бұл жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы әлеуметтік кепілдіктердің іргетасы», – деп атап өтті ол.

Кәсіподақтар орталығының төрағасы қызметкерлердің сұрақтарына жан-жақты жауап беріп, нақты тәжірибелік мысалдар келтірді, негізгі аспектілерді егжей-тегжейлі түсіндіріп, өз тәжірибесімен бөлісті. Кездесу ашық диалог форматында жағдайда өтті. Бұл тек мәселелерді талқылап қана қоймай, оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.

Жиын соңында Қуаныш Сүлейменов көп жылдар бойы кәсіподақ қозғалысын дамытуға және еңбеккерлердің құқығын қорғауға елеулі үлес қосқан Семейғазы Егеубаевқа алғысын білдірді. Оның кәсібилігі мен адал қызметі жас мамандар үшін үлгі екенін атап өтіп, құрметті демалысына жылы лебізін жолдады.