Павлодар ЖЭО-3 жұмысшылары Кәсіподақтар федерациясының төрағасынан колдау сұрады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында Павлодардағы 3-жылу электр орталығына (ЖЭО-3) барды. Кәсіпорынды аралау барысында ол энергетиктердің жұмыс жағдайымен танысып, турбина цехы мен орталық басқару пультін көрді. Сондай-ақ жұмысшылар ұжымымен, кәсіподақ белсенділерімен және әлеуметтік әріптестермен арнайы кездесу өткізді.

Павлодар ЖЭО-3 – аймақты электр және жылу қуатымен қамтамасыз ететін, өндірістен бастап сатуға дейінгі жұмысты атқаратын «Павлодарэнерго» АҚ-ның құрамына кіреді. Компанияның электр станциялары 662 МВт тоқ және сағатына 2240 Гкал/сағ жылу бере алады. Электр желілерінің ұзындығы 15 934 шақырымға, ал жылу құбырлары 760,9 шақырымға созылып жатыр. Кәсіпорын 105,9 мың км² аумақты, яғни 754 мыңға жуық тұрғынды энергиямен қамтып отыр.

ҚРКФ делегациясына кәсіпорын директорының орынбасары Игорь Жур, энергетиктердің салалық кәсіподақ төрағасы Оразбек Бекбас және жергілікті кәсіподақ жетекшісі Балтабек Төлеубаев жол бастап жүрді.

«Станцияның өз бөлімшелері мен басқару аппаратында 1400-ге жуық адам жұмыс істейді. Ал оған қарасты Павлодар электржелілік тарату компаниясын қоса алғанда, жұмысшылар саны екі мыңға жуықтайды. Олар бүкіл Павлодар облысы бойынша электр желілері аудандарына біркелкі бөлінген. ЖЭО-3-тің өзінде 743 жұмыс орны бар. Кәсіпорындағы орташа жалақы 592 мың теңгені құрайды», – деді директордың орынбасары Игорь Жур.

Оның айтуынша, бұл станция — Павлодардағы жылу орталықтарының ішіндегі ең үлкені. 1972 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл жерде ата жолын қуған энергетиктер өте көп, ал ұжымы өз ісінің нағыз мамандарынан құралған.

Директордың орынбасары әлеуметтік мәселелерге де тоқталды. Жұмысшылардың жуынатын, киім ауыстыратын бөлмелері жөндеуден өткен, «Энергетик» демалыс үйі мен емдеу орны жаңартылған. Сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігін арттыратын арнайы оқу орталығы салынып жатыр, ол 2026 жылдың қазанында ашылады деп жоспарлануда.

Кездесу кезінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталин жұмыскерлерді толғандырған сауалдарды тыңдады.

Атап айтқанда, ұжымдық шартта әлеуметтік көмек жағы жеткіліксіз екені айтылды. Мәселен, жыл қорытындысы бойынша берілетін 13-ші жалақы, Энергетиктер күніне арналған сыйлықақылар және еңбек демалысына шыққанда берілетін сауықтыру ақшасы қарастырылмаған. Жұмысшылар осы аймақтағы әлеуметтік қолдау шаралары әлдеқайда жақсы басқа кәсіпорындарды мысал ретінде алға тартты.

Сондай-ақ жиында кәсіподақтардың жаңа Конституцияны әзірлеуге қатысқаны, қандай ұсыныстар бергені және оның қарапайым жұмысшыға пайдасы туралы сұрақтар қойылды. Еңбек кодексіне жұмысшы құқығын қорғауды күшейтетін өзгерістер енгізу мүмкіндіктері де талқыланды.

Денсаулыққа зиянды әрі қауіпті жерде жұмыс істейтіндерге қосымша жеңілдіктер беру, олардың өтемақыларын көбейту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.

Жұмысшылардың жалақы мен әлеуметтік кепілдіктер туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Сатыбалды Дәулеталин жалақыны индекстеу мен лайықты еңбекақы төлеудің маңыздылығын атап өтті.

«Индексациялау – бұл ақшаның құнсыздануынан қорғау, ал жалақыны көтеру – бұл жағдайды жақсарту деген сөз. Кәсіподақтар федерациясы  индексация міндетті түрде жасалуы тиіс деген ұстанымды қолданады. Біз Үкіметке жалақыны жыл сайын индекстеуді заңмен бекіту туралы ұсыныстар жібердік. Барлық деңгейде жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы – лайықты еңбек, әділ ақы және қауіпсіздік», – деді ҚРКФ төрағасы.

Әлеуметтік көмек пен қосымша төлемдерге қатысты ол қазіргі шектеулердің неден екенін түсіндіріп, бұл мәселелерді салалық саясат деңгейінде шешу керектігін айтты.

«Мәселенің қиындығы сонда — бұл тек кәсіпорын деңгейінде шешілмейді. Егер мәселе осы жерде шешілетін шаруа болса, біз бұрыннан оның шешімін табар едік.  Бірақ бұл — бүкіл республика деңгейіндегі шешімдерге, тарифтерді белгілеу ережелеріне және тағы басқа факторларға байланысты жүйелі мәселе. Біз барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесуін ұйымдастырамыз. Нақты жағдайды ашық талқылап, министрліктегі әлеуметтік әріптестерімізге жүгінеміз. Қажет болса, халықаралық сарапшыларды шақырып, ортақ тәсілдер мен стандарттар әзірлейміз. Бұл мәселе біздің күн тәртібімізге алынды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтардың жаңа Конституцияны әзірлеуге қатысуы және оның еңбек құқықтарын қорғаудағы маңызы туралы айта келе, Сатыбалды Дәулеталин Ата заңның негізгі баптары мен олардың әлеуметтік-еңбек қатынастарына әсерін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

«Жаңа Конституция тұрғысынан алғанда, ең бастысы — адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітілді. Бұл нені білдіреді? Қандай да бір мәселе шешілсе, әсіресе реформалар мен бағдарламалар қабылданса, олардың адамға қаншалықты пайдалы екеніне және оның өмірін қалай жақсартатынына басымдық беріледі. Екінші маңызды жайт — еңбек ету құқығы нақ бекітілді. Демек, мемлекет адамның лайықты еңбек етуі үшін барлық жағдайды жасауға тиіс: бұған әділ жалақы, қауіпсіз жұмыс орны, әлеуметтік қорғау, ең төменгі жалақы мөлшері, денсаулық сақтау, білім алу және біліктілікті арттыру жатады. Конституцияның тікелей қолданылу күші бар. Бұл кәсіподақтар үшін үлкен көмек, өйткені жұмысшылардың құқығын қорғағанда тікелей Конституция нормаларына сүйенуге болады. Сондай-ақ Ата заң нормалары бұзылған жағдайда Конституциялық Сотқа жүгіну мүмкіндігі пайда болды. Әділдік, заң мен тәртіп құндылықтары, соның ішінде еңбекақы төлеудегі әділдік те бекітілді. Заң жобаларына бастамашылық ету құқығы бар Халықтық Кеңес құрылды. Бұл дегеніміз — кәсіподақтар әлеуметтік саясаттың қалыптасуына әсер ете алатын қосымша тетіктерге ие болды», — деп түсіндірді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Ұжыммен тілдесу барысында қызметкерлердің денсаулығын сақтау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сатыбалды Дәулеталин химия цехында көп жылдан бері зиянды жағдайда жұмыс істеп келе жатқан инженер-лаборанттың жағдайын талқылады.

«Біз зиянды әрі қауіпті жерде жұмыс істеудің кәсіби ауруларға шалдығу қаупі жоғары екенін айтып жүрміз. Сондықтан жұмысшылардың денсаулығына жас кезінен бастап көңіл бөлу өте маңызды», — деп айтты Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы химия цехы зертханасының инженер-лаборанты Карина Ермаковичті кәсіподақ шипажайына жолдамамен марапаттау туралы шешім қабылдады. Жұмысшы Сатыбалды Дәулеталинге көрсеткен ілтипаты мен қамқорлығы үшін алғыс айтып, мұндай қолдаудың ол үшін өте маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында ҚРКФ Төрағасы энергетика саласының дамуына қосқан үлесі мен қажырлы еңбегі үшін ЖЭО-3-тің бірқатар жұмысшыларына кәсіподақ марапаттарын тапсырды. Сатыбалды Дәулеталин энергетиктердің кәсіби еңбегінің маңызына тоқталып, жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы мәртебесін көтеру қажеттігін айтты.

«Атқарылатын жұмыс шынымен де көп, біз оны түсінеміз. Бұл қаншалықты ауыр еңбек екенін жақсы білеміз. Бүгін марапатталғандар — біз атап өткіміз келетін жандардың бір бөлігі ғана. Бұл адамдар — өз еңбегімен құрметке лайық екенін дәлелдеген абзал жандар. Бүгінде қалыптасып жатқан еңбек адамына деген көзқарастың маңызы зор. Еңбекті құрметтеу ең жоғары құндылыққа айналуы тиіс. Біз жұмысшы еңбегінің абыройын лайықты деңгейге көтеруіміз керек», — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы