Сатыбалды Дәулеталин: «Жұмысшыға деген әділ көзқарас – «Еңбек» тобының басты ұстанымы»

Бейсенбі күні, 16 сәуірде, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында облыстық мәслихат жанынан құрылған «Еңбек» депутаттық тобымен кездесті.

Облыс әкімдігінің ахуалдық орталығында өткен бұл шараға Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, мәслихат депутаттары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен «Еңбек» тобының мүшелері қатысты.

Кездесу барысында тараптар әлеуметтік әріптестікті дамыту, депутаттардың жұмысын цифрлық жүйеге көшіру және аймақтық деңгейде жұмысшылардың құқығын қорғау тетіктерін нығайту мәселелерін сөз етті.

Илья Теренченкенің айтуынша, Павлодар облыстық мәслихатының құрамында 32 депутат пен 7 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Сондай-ақ халықпен және бизнес өкілдерімен тығыз байланыс орнату үшін арнайы кеңесші органдар құрылған.

Мәслихат ішінде бес саяси партияның «Аманат», «Ақ жол», «Қазақстан Халық партиясы», «Respublica», «Ауыл» өкілдері және Кәсіподақтар федерациясына қарасты ұйымдардан сайланған 4 депутат бар.

Илья Теренченко депутаттардың жұмысына цифрлық технологияларды енгізу мәселелеріне тоқталды. Оның мәліметінше, азаматтардың өтініш беруін жеңілдететін цифрлық навигатор жобасы іске қосылған. Бұл жүйе арқылы тұрғындар өз округінің депутатын оңай тауып, оған автоматты түрде хат жолдай алады. Сонымен қатар депутаттарға көмекші болатын жасанды интеллект әзірленіп жатыр және әкімдік деректерімен, бюджеттің жұмсалуы туралы ақпаратпен байланыстырылған ахуалдық орталық құрылуда.

Жиында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен құрылған «Еңбек» депутаттық тобының жұмысы да талқыланды. Бұл топ еңбек құқықтарын қорғауды күшейту және өндірістегі қауіпсіздікті арттыру мақсатында құрылған. Оның құрамында әртүрлі партия мүшелері де, партияда жоқ депутаттар мен кәсіподақ өкілдері де бар.

«Еңбек» тобының жетекшісі Раушан Даумова 2023–2026 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндап, іс-шаралардың жүйелі түрде жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, топ мүшелері кәсіпорындарға барып, еңбек жағдайын тексереді, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істейді және құзырлы мекемелерге депутаттық сауалдар жолдайды.

«Еңбек» депутаттық тобы 2023 жылдың 30 қарашасында құрылды. Желтоқсан айында-ақ алғашқы көшпелі жиынымыз өндіріс орнында өтіп, жұмыс жоспарын бекіттік. Біздің жұмысымыз жүйелі өтуде. Әрбір шарадан кейін талдау жасап, шешімдер қабылдаймыз және олардың орындалуын қатаң бақылаймыз», — деді топ жетекшісі.

Раушан Даумованың айтуынша, Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған 2025 жылы топ жұмысы еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталса, 2026 жылы өндіріс қауіпсіздігі мен жұмысшыларды әлеуметтік қолдау, соның ішінде баспана мәселесі басты назарда болды.

«Топтың белсенді жұмысының арқасында әлеуметтік төлем алуға өтініш білдіргендер саны жылына 4-тен 1600-ге дейін өсті. Бұл біздің еңбек ұжымдарымен тікелей жұмыс істеуіміздің жемісі», — деп атап өтті Раушан Даумова.

Мәслихат пен «Еңбек» тобының жұмысымен танысқан Сатыбалды Дәулеталин жоғары баға беріп, халық үшін нақты нәтиженің маңызды екенін айтты.

«Еңбек» тобының құрылуын ерекше атап өткім келеді. Бұл өте маңызды қадам, өйткені ұзақ уақыт бойы жергілікті деңгейде депутаттар мен кәсіподақтардың еңбек мәселелері бойынша бірлесіп әрекет ететін жүйелі механизмі болған жоқ еді. Сіздер үлкен іс атқардыңыздар. Ең бастысы — бұл топтың жұмысында еңбек адамына деген әділ көзқарас бар. Адамдар өздеріне көңіл бөлініп, қолдау көрсетіліп жатқанын сезінуде. Меніңше, ең маңыздысы да осы. Қағаз жүзіндегі есеп емес, адамдардың өмірін өзгертетін нақты істер бағалануы керек. Бұл алаң жақсы нәтиже беріп отыр. Депутаттардың тек кабинетте отырмай, зауыт-фабрикаларға барып, жұмысшылармен кездесіп, жағдайды өз көзімен көруі өте маңызды. Өйткені ақиқат сонда. Кәсіподақтар мен депутаттар өндірісте бірге жұмыс істегенде, халықтың сенімі артып, әлеуметтік шиеленіс азаяды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ ҚРКФ төрағасы Павлодар облысын кәсіподақтармен ынтымақтастық орнатудың үздік үлгісі ретінде атады.

«Мәслихат құрамында Павлодар өңірінің ең білікті кәсіподақ өкілдері жүргенін мақтанышпен айта аламын. Олар тек депутат қана емес, маңызды комиссияларды басқарып отыр. Бұл — үлкен жетістік. Мен де кезінде депутат болып, комиссия басқардым. Бұл өте күрделі әрі жауапты жұмыс, кейде Парламент депутатының міндетінен де қиынырақ соғады», — деп тілге тиек етті Сатыбалды Дәулеталин.

Оның пайымдауынша, жұмысшылардың құқығын қорғау жүйесі тек мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтың бірлескен жұмысы арқылы ғана тиімді болмақ.

Сөз соңында Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретіндегі рөлін тағы бір мәрте еске салды.

«Біздің қатарымызда екі миллионға жуық адам бар. Біз экономиканың барлық саласы мен еліміздің әр өңірінде жұмыс істеп жатырмыз. Құрамымызда 24 салалық кәсіподақ, 20 аумақтық бірлестік және 16 мыңнан астам бастауыш ұйым бар. Бұл дегеніміз – біз әрбір ірі кәсіпорында және барлық маңызды салада бармыз деген сөз. Жұмысымыздың негізгі тірегі – әлеуметтік әріптестік. Біз жұмыс берушілермен, Үкіметпен және жергілікті әкімдіктермен тығыз байланыстамыз. Кәсіподақ – жұмыскерлердің құқығын қорғаумен және олардың мүддесін ілгерілетумен кәсіби деңгейде айналысатын бірден-бір ұйым. Бұл – біздің негізгі мақсатымыз бен жауапкершілігіміз. Кәсіподақпен байланыс дұрыс жолға қойылған жерде, кез келген мәселе дау-жанжалға ұласпай-ақ шешіледі», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы өз сөзінде еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын ең басты басымдықтар ретінде атап өтті.

«Бүгінгі таңда еңбек қауіпсіздігі жай ғана құжат бетіндегі шаруа емес екенін жақсы түсінеміз. Қазір кәсіпорындар заң бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, өндірісті жаңартуға және қауіпсіздікке қаржы бөле бастады. Соған қарамастан, мәселе әлі де өзекті болуда. Жыл сайын еліміздің өндіріс орындарында 200-ге жуық адам қаза табады. Бұған жол беруге болмайды. Біздің ұстанымымыз қарапайым: жұмысқа аман сау келген адам, үйіне де аман-есен оралуы тиіс», – деді ҚР Кәсіподақтар федерациясының басшысы.

Сатыбалды Дәулеталин еңбек қатынастарын реттеу және кадр даярлау мәселелеріне де тоқталды.

«Тағы бір маңызды бағыт – өңірлік келісімдер. Олар жалақының ең төменгі мөлшері мен әлеуметтік кепілдіктерді бекітуге мүмкіндік береді. Ұжымдық шарттардың да маңызы зор, біз оны кәсіпорынның «кіші Конституциясы» деп атаймыз. Сонымен қатар, жас мамандардың өндіріске қажетті негізгі дағдылармен келіп, тезірек кәсіби маман болып қалыптасуы өте маңызды», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Цифрландыру бағытындағы жұмыстарға да жеке тоқталып өтті.

«Біз заман талабына сай цифрландыру бағытына бет бұрдық. Федерация 2030 жылға дейінгі цифрлық трансформация тұжырымдамасын қабылдады. Мақсатымыз – кәсіподақтардың толыққанды цифрлық жүйесін құру. Біз өтініштерге арналған «бір терезе» жүйесін жасап жатырмыз. Бұл жүйе арқылы адам 24 сағат ішінде жауап алып, мәселесінің қаралып жатқанына көз жеткізе алады. Сіздердің де осындай шешімдерді енгізе бастағандарыңыз – жақсы белгі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Сондай-ақ, Сатыбалды Дәулеталин еңбек және әлеуметтік саясат саласындағы бірқатар міндеттерді атап көрсетті.

«Біріншісі – еңбек қауіпсіздігі. Үкімет 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы қабылдады, ол тәуекелге бағытталған модельге көшуді қарастырады. Бұл салдарды жою емес, қауіп-қатердің алдын алу дегенді білдіреді. Бұл жерде жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту өте маңызды. Екіншісі – әділетті еңбекақы төлеу. Халықаралық стандарттар бойынша ең төменгі жалақы медианалық жалақының кемінде 50%-ын құрауы тиіс. Біз тиісті ұсыныстарымызды Үкіметке енгізіп қойдық. Бұдан бөлек, ең төменгі жалақы тек жұмыскерді ғана емес, оның отбасын да қамтамасыз етуі керектігін ескеру маңызды. Үшіншісі – табыс алшақтығын азайту. Бүгінде кәсіпорындардағы ең төменгі және ең жоғары жалақы арасындағы айырмашылық ондаған есеге жетуі мүмкін. Бұл – әлеуметтік әділеттілік мәселесі. Төртіншісі – жұмыскерлердің шешім қабылдау үдерісіне қатысуы. Ал депутаттық топ – дәл осыны жүзеге асыруға мүмкіндік беретін құрал», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Депутаттарға арнаған сөзінде Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы олардың бұл істегі рөлі өте үлкен екенін айтты.

«Сіздер – халықтың өкілісіздер, сондықтан көп нәрсе сіздердің белсенділіктеріңізге байланысты. Кәсіподақтардың шешім қабылдауға қатысуын күшейтуіміз керек. Біз барлық партиялармен жұмыс істеуге дайынбыз. Бірақ бір шартымыз бар: еңбек адамының мүддесін нақты қорғайтын партиялармен ғана тығыз әріптес боламыз», – деді ҚРКФ басшысы.

Ынтымақтастық тетіктері туралы айта келе, ол бірлескен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің тиімділігін мысалға келтірді. Оның айтуынша, мұндай форматтар мәселені тікелей естіп, жылдам шешуге көмектеседі.

Әлеуметтік бастамалардың ішінде «Әйелдер қанатының» жұмысына ерекше тоқталды.

«Бүгінде «Әйелдер қанаты» қарқынды дамып келеді. Партия мен кәсіподақтың тікелей өндіріс орындарына барып, жұмысшылармен кездесуі өте жақсы нәтиже беруде. Әсіресе әйелдердің денсаулығы мен жағдайына баса назар аударылғанда, жұмысшылар мұны зор ризашылықпен қабылдайды. Кәсіподақ мүшелерінің 55 пайызы – әйелдер. Сондықтан бұл мәселелерді айтқанда, біз өзіміз туралы да айтып отырмыз. Біз тек қана қуатты ұйым емес, сонымен бірге нәзіктік пен әдемілікті ұштастырған кәсіподақпыз. Бұл жұмысты тоқтатпай, жалғастыруымыз керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесу соңында тараптар депутаттық топтардың жұмысын кеңейтуге, еңбек қауіпсіздігін күшейтуге және цифрлық жобаларды бірлесе енгізуге келісті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы