Мемлекеттік қызмет – бұл тек лауазым емес, бұл ең алдымен елге деген адал еңбек пен үлкен жауапкершілік. Осы салада ширек ғасырға жуық уақыт бойы табандылық танытып, салық және мемлекеттік кірістер жүйесінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан білікті мамандардың бірі – Гүлмира Оразбекқызы Ешімбетова.
Шымкент қаласында дүниеге келген Гүлмира Оразбекқызы өзінің алғашқы еңбек жолын 2002 жылы бастады. Ол Шымкент қаласы бойынша салық комитетінің ақпаратпен қамтамасыз ету және есепке алу бөлімінде жетекші маман болып алғашқы қадамын жасады. Содан бері өткен жиырма жылдан астам уақыт ішінде ол саланың барлық сатыларынан өтіп, нағыз майталман маманға айналды.

2003 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта Гүлмира Оразбекқызы салықтық тіркеу, ақпаратты қабылдау және өңдеу орталықтарында жемісті еңбек етті. Әсіресе, Шымкент қаласы Абай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасындағы ұзақ жылғы тәжірибесі оның кәсіби деңгейінің жоғары екенін көрсетті. 2022 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін аталған басқарманың «Құқықтық және ұйымдастыру жұмысы» бөлімінің бас маманы ретінде күрделі әрі жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді.
Гүлмира Оразбекқызының басты қасиеті – іскерлік пен тәртіпті ту еткендігінде. Ол тек өз ісінің білгірі ғана емес, сонымен қатар ұжымды ортақ мақсатқа жұмылдыра білетін қабілетті ұйымдастырушы.
Департамент тарапынан берілген кез келген тапсырманы орындауда өзінің жан-жақты білімін тәжірибеде тиімді қолдана отырып, әріптестеріне үлгі бола біледі.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші үшін ең маңызды құндылықтардың бірі – парасаттылық пен этика нормаларын сақтау. Бұл тұрғыда Гүлмира Оразбекқызы Әдеп кодексінің талаптарын қатаң ұстанып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында белсенді жұмыс жүргізеді.
Жеке құрам арасында техникалық сабақтар өткізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударады.
Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп отыратын ол ұжым ішінде зор құрметке ие. Еңбек тәртібін бұзбаған, өз ісіне адал және ұстамды мінезімен ерекшеленетін Гүлмира Оразбекқызы – қазіргі заманғы мемлекеттік қызметшінің бейнесін айқындайтын тұлға.
Оның атқарған еңбегі мен кәсіби белестері жас мамандар үшін нағыз үлгі болып қала бермек.
