Кәсіподақтар федерациясы заңгерлердің кәсіби біліктілігін арттыруда

Бейсенбі, 16 сәуірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің Заң клиникаларында қызмет ететін мамандарға арналған онлайн-оқыту семинарын өткізді. Іс-шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының кеңесшісі Руслан Сакеев қатысты.

Жиынды ҚР Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасының жетекшісі Назгүл Азтаева ашты. Ол өз сөзінде кәсіподақтардың құқықтық бағытын дамыту қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың жемісін атап өтті.

«Бүгінгі таңда заң клиникалары тек консультациялық көмек көрсетумен шектелмей, медиация рәсімдерін жүргізу және еңбек дауларының алдын алу шараларын жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс істеп жатыр. Бұл тәжірибе оң нәтижелер көрсетіп, қызметкерлердің құқықтарын қорғау деңгейін жаңа сапалы сатыға көтеруге мүмкіндік берді», — деді Назгүл Азтаева.

Семинардың негізгі спикері ретінде еңбек заңнамасы саласының білікті сарапшысы Мадина Садыкова шақыртылды. Ол Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды егжей-тегжейлі талдап, аталған нормаларды құқықтық қолдану тәжірибесі бойынша әдістемелік түсіндірмелер берді.

Семинарға қатысқан заңгерлер маңызды мәліметтер алып, өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларды талқылады және бір-бірімен тәжірибе бөлісті. Мұндай білім алмасу кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін құқықтық көмектің сапасын одан әрі жақсартуға жол ашады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының кеңесшісі Руслан Сакеев спикер Мадина Садыковаға кәсіби баяндамасы үшін ризашылығын білдіріп, семинардың тәжірибелік маңызына тоқталды.

«Бұл семинар біздің заңгерлеріміз үшін таптырмас тәжірибе алаңына айналды. Еңбек заңнамасындағы өзгерістерді терең меңгеру  еңбек адамының мүддесін заң шеңберінде сауатты қорғауға негіз болады. ҚРКФ басты ұстанымы — мамандардың біліктілігін жүйелі түрде шыңдау. Себебі даму үздіксіз білім алумен ғана алға басады», — деп атап өтті Руслан Сакеев.

Осындай оқыту шараларын тұрақты өткізу кәсіподақтардың бүгінгі таңда тек жұмысшылардың құқықтарын қорғаушы ұйым ғана емес, сонымен қатар кадрлық әлеуетті нығайтатын қуатты интеллектуалды білім беру алаңы екенін айғақтайды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы