20 сәуір, дүйсенбі күні Италияның Турин қаласында орналасқан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) оқу орталығында «Кәсіподақтар және жас қызметкерлерді ұйым құрамына тарту» атты жастар семинары басталды.
Бұл шараны ХЕҰ-ның Еңбекшілер қызметі жөніндегі бюросы (ACTRAV) арнайы RBSA жобаcы аясында ұйымдастырды. Жобаның мақсаты — еңбекшілер ұйымдарының әлеуметтік және экологиялық саясатты ілгерілетудегі әлеуетін арттыру.
Семинарға ХЕҰ-ға мүше елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтарынан жастар ұйымдарының өкілдері мен халықаралық деңгейдегі сарапшылар жиналды.

Екі күнге созылатын жиында қатысушылар жастарды кәсіподақ жұмысына белсенді араластырудың жолдарын талқылайды. Сонымен қатар, цифрлық жаңғыру, автоматтандыру және платформалық жұмыс белең алған заманда еңбек институттарының қалай бейімделуі керектігіне назар аударады.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан бұл семинарға ҚР Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшысы Нұрлыбек Жұмаш пен ҚРКФ сарапшысы Әйгерім Бекмағанбет қатысып жатыр.
Нұрлыбек Жұмаш Қазақстан кәсіподақтарының жастармен жұмыс істеу тәжірибесі мен әділ көшу жүйесін дамыту туралы баяндама жасады.

«Бүгінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жастар саясаты тек құжат күйінде қалмай, нақты әрі ауқымды істермен көрініс тауып отыр. Біз әр қадамымызды стратегиялық тұрғыдан есептеп, жүйелі жұмыс істеп жатырмыз. Ол әлеуметтік диалогтың, ұлттық маңызы бар мәселелердің және халықаралық ынтымақтастықтың ажырамас бөлігіне айналды», — деді ҚРКФ аппаратының басшысы.
Нұрлыбек Жұмаштың мәліметінше, Қазақстанның кәсіподақ қозғалысында бүгінде 448 мыңнан астам жас қызметкер бар. Олардың бәрі арнайы кәсіподақ құрылымдарына біріктірілген.
«Келешек» жастар кеңесі шешім қабылдау үдерістерінің толыққанды қатысушысына айналды. Оның өкілдері басқарушы органдардың отырыстарына қатысып, стратегиялық құжаттарға нақты ұсыныстар енгізеді», — деп атап өтті ол.

Баяндама барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған жаңа Стратегиясы таныстырылды. Нұрлыбек Жұмаштың айтуынша, бұл құжаттың басым бағыттары қатарында — жастардың басқару ісіне қатысуын арттыру, кәсіподақ көшбасшыларының жаңа толқынын тәрбиелеу, цифрлық дағдыларды игеру, кадрлық резерв дайындау және халықаралық байланысты нығайту мәселелері бар.
Еңбек нарығындағы өзгерістер мен цифрландыру жайында айта келе, Кәсіподақтар федерациясы өкілі жасанды интеллект, автоматтандыру және платформалық жұмыс түрлері қазіргі экономиканың ажырамас бөлігіне айналғанын тілге тиек етті.

Семинарда Қазақстан кәсіподақтарының жастарға арналған бастамалары да көрсетілді. Бұл жобалар жастардың кәсіби біліктілігін арттыруды, оларды әлеуметтік қолдауды және еріктілер қозғалысын дамытуды көздейді.
«Біздің маңызды жобаларымыздың бірі — «Еңбек эволюциясы: климат, құзыреттілік, код» атты жұмысшы мамандықтар форумы. Бұл алаңда жастар мен сарапшылар цифрландыру мен автоматтандырудың әсерінен еңбек нарығының қалай өзгеретінін, қандай мамандарға сұраныс жоғары болатынын және жұмысшыларды жаңа жағдайға қалай дайындау керектігін талқылады. Жасанды интеллектті енгізу және мамандарды оқыту жүйесін қайта қарау мәселелеріне баса назар аударылды. Тағы бір жоба — «30 еңбек елшісі». Бұл — әртүрлі салада еңбек етіп жүрген, өз кәсібін мақтан тұтатын және жастарға үлгі болатын белсенділер қауымдастығы. Олар студенттермен кездесіп, кәсіп таңдауға көмектеседі және жұмысшы мамандығы туралы оң көзқарас қалыптастырады. Ал «Еңбекші жастардың қайырымдылық балы» жастарды ортақ игі істерге жұмылдырып, командалық рухты нығайтады. «Ынтымақтастық жүгірістері» болса, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, әртүрлі аймақтағы жас жұмысшылардың басын қосады. Бұдан бөлек, кәсіподақ жастары гуманитарлық көмек көрсету ісіне де белсене араласады. Мәселен, төтенше жағдайлар кезінде 3065 адамға 213 млн теңгеге жуық қаражатқа көмек берілді. Сондай-ақ тауарлай көмек көрсетіліп, зардап шеккендер шипажайларға орналастырылды», — деп баяндады Нұрлыбек Жұмаш.


Сонымен қатар, жастар көшбасшылығын дамытуға арналған «Кәсіподақ амбассадоры», «Keleshek Awards» жобалары мен жұмысшы мамандығының беделін арттыратын «Менің жұмысым — менің бағым» атты медиа-байқау туралы да айтылды.



Семинар жұмысы әлі де жалғасуда. Қатысушылар түрлі тақырыптық сессияларда пікір алмасып, жиын соңында нақты ұсынымдар қабылдайды деп күтілуде.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы
