Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында бүгін Кәсіподақтар үйінде Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы мен «Қазтеміржолкәсіп» салалық кәсіподағының «Астана» филиалы бірлесіп ұйымдастырған басқосу өтті. Іс-шараға кәсіподақ өкілдері мен еңбек қауіпсіздігі саласының мамандары қатысты.

Жиынды «Қазтеміржолкәсіп» кәсіподағы «Астана» филиалының төрағасы Серік Сәрсекеев ашып, қатысушыларды Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің мәні мен маңызымен таныстырды. Ол өз сөзінде Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні ретінде белгіленгенін және бұл күннің әлемнің көптеген елдерінде кеңінен аталып өтетінін атап өтті. Қазақстанда бұл атаулы күн 2005 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Сондай-ақ ол Халықаралық еңбек ұйымының 2026 жылға арналған тақырыбы – «Қолайлы психоәлеуметтік жұмыс ортасы: қызметкерлердің әл-ауқаты мен ұйымның тұрақты дамуына жол» екенін жеткізді. Бұл бағыт еңбек ұжымдарындағы психологиялық ахуалды жақсартуға және қауіпсіз, жайлы жұмыс ортасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.
Серік Сәрсекеевтің айтуынша, аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жұмыс берушілердің, қызметкерлердің және жалпы қоғамның назарын еңбекті қорғау саласындағы өзекті мәселелерге аудару, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету бойынша ортақ жауапкершілікті күшейту. Мұндай басқосулар еңбек қауіпсіздігі мәдениетін дамытуға және өндірістік тәуекелдердің алдын алуға ықпал етеді.
Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов өз сөзінде еңбекті қорғау мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталып, оның басты мақсаты – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау екенін атап өтті. Оның айтуынша, адам капиталы кез келген ұйымның ең құнды ресурсы болғандықтан, жұмыс берушілердің негізгі міндеті – қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайын қамтамасыз ету.
Сонымен қатар ол Кәсіподақтар орталығының кәсіподақ ұйымдары жоқ мекемелерде де еңбек құқықтарын қорғау және қауіпсіз еңбек мәдениетін насихаттау бағытында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын айтты. Бұл бастамалар қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып, өндірістегі қауіпсіздік деңгейін көтеруге ықпал ететінін жеткізді.

Бүгінде елордада өндірістік жарақаттардың басым бөлігі құрылыс саласында тіркеліп отырғанына назар аударылды. Осыған байланысты бұл саладағы жоғары тәуекел деңгейін ескере отырып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау ерекше маңызды екені айтылды. Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, әрбір қызметкер жеке қорғаныс құралдарымен – қорғаныс каскасы, арнайы киім және басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілуі тиіс, сондай-ақ ұжымдық қорғаныс құралдарын қолдану міндетті талаптардың бірі екені атап өтілді.
Әсіресе биіктікте орындалатын жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі айтылды. Мұндай жұмыс орындарында және оларға апаратын жолдарда қорғаныс қоршаулары орнатылып, биіктіктен заттардың құлауын болдырмау үшін арнайы қорғаныс торлары қарастырылуы тиіс екені көрсетілді. Бұл шаралар өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Жазатайым оқиғалардың санын азайту үшін жұмыс берушілер еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын толық орындауы, ал жұмыскерлер бекітілген нұсқаулықтар мен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауы қажет екені баса айтылды. Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру – екі тараптың ортақ жауапкершілігі екені ерекше атап өтілді.
Қорытындылай келе, Төлеген Күнәділов әрбір жұмыскердің таңертең жұмысқа аман-есен барып, кешке үйіне қауіпсіз оралуы басты мақсат екенін жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін жұмыс берушілер мен қызметкерлердің бірлескен жауапкершілігі және Халықаралық еңбек ұйымы қағидаттарын ұстану маңызды екені айтылып, барлық тараптардың еңбек жағдайын жақсартуға және еңбекті қорғау деңгейін арттыруға өз үлесін қосатынына сенім білдірілді.

Қазақстанда еңбекті қорғау саласындағы заңнамалық базаның дамығанына қарамастан, оның іс жүзінде орындалуын күшейту қажет. Бұл туралы Еңбекті қорғау жөніндегі бас техникалық инспектор Марат Имаш Еңбекті қорғау күніне арналған кеңес барысында айтты.
Оның айтуынша, Қазақстанда еңбек қауіпсіздігін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің кең жүйесі қалыптасқан. Олардың негізгілері — Конституция, Еңбек кодексі, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс, сондай-ақ түрлі заңдар мен заңға тәуелді актілер, соның ішінде стандарттар, санитарлық нормалар және әдістемелік ұсынымдар. Жалпы алғанда, елде өндірістік қауіпсіздіктің әртүрлі аспектілерін қамтитын 100-ден астам стандарт қолданылады.
Сонымен қатар, Марат Имаш атап өткендей, негізгі мәселе нормативтік базаның жоқтығында емес, оның жеткілікті деңгейде орындалмауында. 2000-жылдардың ортасымен салыстырғанда өндірістегі өлім-жітім көрсеткішінің төмендеуіне қарамастан, соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақтанып, әрі қарай төмендеу байқалмай отыр. Бұл алаңдаушылық тудырады.

Ол негізгі проблемалар ретінде өнеркәсіптегі жабдықтардың жоғары тозу деңгейін (кейбір салаларда 70%-ға дейін), еңбек нормаларының сақталмауын, еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы бойынша бақылау мен қадағалаудың жеткіліксіздігін атады. Сонымен қатар, білікті кадрлардың тапшылығы, инспекторларға түсетін жүктеменің артуы және кәсіпорындарды толық қамти алмау мәселелері де бар.
Өндірістік жарақаттану себептерін талдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшының пікірінше, «жұмысшының өрескел абайсыздығы» деген жиі қолданылатын тұжырым көбінесе жұмыс беруші тарапындағы жүйелі кемшіліктерді жасырады. Түпкі себептерді талдау тәсілі жазатайым оқиғалардың негізінде жатқан басқарушылық және ұйымдастырушылық қателіктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Баяндамасында өндірістік жарақаттар статистикасының бұрмалануы да айтылды. Әсіресе құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері кездеседі. Мемлекеттік органдар, статистика бюросы, сақтандыру ұйымдары және кәсіподақтар деректерінің айырмашылығы есеп жүйесін жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Мәселені шешудің негізгі бағыттарының бірі ретінде мониторинг процестерін цифрландыру және бірыңғай интеграцияланған деректер базасын құру белгіленді. Бұл еңбек қауіпсіздігі саласындағы бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Марат Имаш нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін жүйелі жұмыс жүргізу, бақылауды күшейту және еңбек қатынастарының барлық қатысушыларының жауапкершілігін арттыру қажет екенін атап өтті.
«Қазтеміржолкәсіп» салалық кәсіподағы «Астана» филиалының бас техникалық инспекторы Қайрат Мұқанов теміржол көлігіндегі қауіпсіздік мәдениеті, қозғалыс қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерінің өзектілігіне тоқталды.
Оның айтуынша, теміржол саласында қауіпсіздік – ең маңызды басымдықтардың бірі. Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру тек ережелерді сақтау ғана емес, сонымен қатар әрбір қызметкердің жауапкершілігі мен кәсіби тәртібін арттыруды талап етеді. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық технологиялық процестер қатаң бақылауда болуы тиіс.
Сонымен бірге, еңбекті қорғау талаптарын сақтау қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізгі шарты екені атап өтілді. Жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайын жасау, нұсқамаларды уақтылы өткізу және заманауи қорғаныс құралдарын пайдалану – басты міндеттердің бірі.
Қайрат Мұқанов саладағы қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлерді тұрақты оқыту және алдын алу шараларын күшейту қажет екенін айтты. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс қауіп-қатерді азайтып, өндірістік жарақаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, теміржол саласының тұрақты дамуы мен тиімділігі қауіпсіздік мәдениетінің жоғары деңгейіне тікелей байланысты екені ерекше атап өтілді.
Жиын барысында кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылып, осы бағытта Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы Заң клиникасының меңгерушісі Назгүл Әзтаева сөз сөйледі.

Ол өз баяндамасында Заң клиникасы құрылған күннен бастап атқарып келе жатқан жұмыстары туралы кеңінен айтып өтті. Атап айтқанда, орталықтың негізгі мақсаты – кәсіподақ мүшелеріне тегін құқықтық көмек көрсету, олардың еңбек құқықтарын қорғауға жәрдемдесу және туындаған даулы жағдайларды заң аясында шешуге қолдау білдіру екені атап өтілді.
Назгүл Әзтаева өз сөзінде еңбек құқықтарын қорғау жүйесін күшейту, кәсіподақ ұйымдарымен өзара байланысты нығайту және қызметкерлердің құқықтық мәдениетін арттыру – алдағы уақыттағы негізгі міндеттердің бірі екенін де атап өтті.
Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында бүгін Кәсіподақтар үйінде Астана қаласы Кәсіподақтар орталығы мен «Қазтеміржолкәсіп» салалық кәсіподағының «Астана» филиалы бірлесіп ұйымдастырған басқосу өтті. Іс-шараға кәсіподақ өкілдері мен еңбек қауіпсіздігі саласының мамандары қатысты.

Кездесуге қатысушылар еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді талқылап, өндірістік жарақаттардың алдын алу, еңбек жағдайларын жақсарту және қауіпсіз еңбек мәдениетін дамыту бағытында бірқатар ұсыныстар ұсынды.
