Еңбекке адалдық — кәсібиліктің белгісі

Шымкент қаласының спорт саласында өзіндік қолтаңбасы бар, ұйымдастырушылық қабілетімен дараланған мамандардың бірі — Панзарбек Шыңғыс Өмірәліұлы. Бүгінде ол Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты «№9 көркем гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде» спорт ғимаратының меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді.

Шыңғыс Өмірәліұлының еңбек жолы білім мен спорттың ұштасқан белестерінен тұрады. М. Сапарбаев атындағы ОҚГИ-ді тәмамдаған сәттен бастап, ол жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға аянбай үлес қосып келеді.

Колледж қабырғасындағы ұстаздықтан бастап, спорт мектептеріндегі әдіскерлік және басқарушылық қызметтерге дейінгі 12 жылдан астам еңбек өтілі оның үлкен кәсіби тәжірибе жинақтағанын көрсетеді.

Әсіресе, кәсіподақ қозғалысындағы белсенділігі мен ұжымдағы ауызбіршілікті нығайтудағы рөлі ерекше. Ол — өз ісін жетік білетін, жауапкершілігі жоғары және кез келген іске тиянақтылықпен қарайтын маман.

Ұжым арасында сыйлы, көпшіл мінезімен ерекшеленетін Шыңғыс Өмірәліұлы — бүгінгі еңбек адамының нағыз үлгісі.