Түркістанда Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне арналған жиын өтті

Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйі» кешенінде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған маңызды жиын өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті ұйымдастырды.


Жиынға ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш, «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев, облыстағы салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, еңбекті қорғау мамандары, еңбек инспекциясының ардагерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


Іс-шара барысында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мурат Тулендиев өңірдегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласының бүгінгі жай-күйіне тоқталып, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістер жөнінде кеңінен баяндады.

Ол өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және жұмыс орындарындағы тәуекелдерді азайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды атап өтті.


Өз кезегінде сөз алған «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев еңбек адамының өмірі мен денсаулығы – кез келген өндірістегі басты құндылық екенін атап өтті.

Ол кәсіподақтар тарапынан еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлердің құқықтарын қорғау және өндірістік жарақаттардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.


Жиын аясында қатысушылар еңбек қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, еңбекті қорғау бағытындағы жаңа талаптар мен өзгерістер жөнінде пікір алмасты. Мұндай кездесулер еңбек қатынастары саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтып, жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететіні айтылды.


Іс-шара соңында сала ардагерлері мен еңбек қауіпсіздігіне үлес қосқан азаматтар марапатталды. Осы ретте аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев кәсіподақ ардагері Умирбек Дуйсенбековке Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты» медалін табыстап, оның еңбек саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегіне алғыс білдірді.

Бұл жиын еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет, жұмыс беруші және кәсіподақтардың ортақ міндеті екенін тағы бір мәрте айқындады.