Білім беру марафоны: ШҚО кәсіподақ белсенділері онлайн-семинарға қатысты

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру марафоны аясында Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ белсенділері «Әлеуметтік әріптестік: ұжымдық келіссөздерді жүргізу, ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу» тақырыбындағы онлайн-семинарға қатысты.
 
Оқыту іс-шарасына білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, энергетика, құрылыс, теміржол саласы, мемлекеттік мекемелер және өзге де салалардың кәсіподақ өкілдері қатысты.
Семинардың басты мақсаты – кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және ұйымдардағы ұжымдық шарттардың сапасын жетілдіру.
Білім марафонын Кәсіподақтар федерациясының оқу орталығының директоры Ләззат Есжанова ашты. Ол кәсіподақ белсенділеріне Кәсіподақтар Федерациясымен жүзеге асырылып жатқан оқыту жобалары туралы айтып берді.
Семинар барысында ҚРКФ әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті төрағасының орынбасары Айжан Амангелдіқызы Ибраева әлеуметтік әріптестіктің маңызы, ұжымдық келіссөздер жүргізу тетіктері, сондай-ақ ұжымдық шарттарды әзірлеу мен жасасудың заңнамалық тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қатысушылар еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту және ұжымдық шарттардың тиімділігін арттыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.
Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ белсенділері семинардың мазмұндылығын, тәжірибелік маңызын жоғары бағалап, мұндай білім беру алаңдарының алдағы уақытта да жалғасуы қажет екенін атап өтті.
Кәсіподақтық білім беру іс-шаралары кәсіподақ қозғалысын нығайтуға, белсенділердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға және әлеуметтік әріптестікті дамытуға зор ықпал етеді.