Кәсіподақ көшбасшысы мектебі: еңбек заңдарын іс жүзінде үйрену

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» білім беру курсы аясында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының негізгі нормаларын баптар бойынша талқылауға арналған кезекті онлайн-семинар өтті.

Оқу іс-шарасына «Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің» жетінші легінің тыңдаушыдары — 13 салалық кәсіподақтың өкілдері, кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері қатысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бұл жобасы төрт жылдан бері кәсіподақ белсенділерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудың практикалық дағдыларын дамытуға және әлеуметтік әріптестік жүйесін нығайтуға бағытталған маңызды білім беру алаңы ретінде жүзеге асырылып келеді.

Семинарды аша отырып, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобаларының авторы әрі үйлестірушісі, Кәсіподақтық коммуникация орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова кәсіподақ қызметіндегі еңбек заңнамасын жүйелі зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

«Кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларын терең меңгеріп, оларды тәжірибеде тиімді қолдана білуі қажет. Құқықтық сауаттылық — еңбеккерлердің мүдделерін қорғаудың, әлеуметтік диалогты дамытудың және еңбек дауларының алдын алудың негізгі тетігі», — деді Ләззат Есжанова.

Семинар барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіндегі негізгі нормаларды жан-жақты қарастырды. Атап айтқанда, еңбек шартын жасасу және тоқтату тәртібі, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты, еңбекақы төлеу, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктері, еңбек қауіпсіздігі, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру және жеке еңбек дауларын шешу мәселелері қамтылды.

Кәсіподақ ұйымдарының қызметінде еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі, ұжымдық шарттық реттеу, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау тетіктері және еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылау жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тыңдаушыларға жұмысқа қабылдау кезіндегі сынақ нәтижесі,  жұмыскерді өндірістік қажеттілік болғанда , денсаулық жағдайына байланысты басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек шартын тоқтату негіздері, жекелеген санаттағы жұмыскерлерге берілетін кепілдіктер, келісу комиссияларының қызметі, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың рөлі бойынша жан-жақты түсіндірмелер берілді.

Іс-шара барысында тыңдаушылар белсенді түрде талқылауға қатысып, нақты жұмыс жағдайларына байланысты сұрақтарын қойып, еңбек заңнамасын кәсіподақ тәжірибесінде қолдануға қатысты практикалық ұсынымдар алды.

Қорытындылай келе, қатысушылар мұндай білім беру іс-шаралары кәсіподақ активінің кәсіби деңгейін арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және еңбек адамының құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін дамытуға ықпал ететінін атап өтті.