Қызылордада өткен «ENBEK HUB – QYZYLORDA» өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында заң клиникасы ұйымдастырылып, азаматтарға еңбек заңнамасы бойынша жан-жақты құқықтық көмек көрсетілді. Аталған алаң тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді түсіндіруге бағытталды.
Құқықтық қабылдауды Қызылорда облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы, заңгер Майра Боранбаева жүргізді. Қабылдау барысында келушілердің сұрақтары жеке қаралып, әрбір өтініш бойынша қолданыстағы еңбек заңнамасының нормаларына сәйкес нақты түсіндірмелер берілді.


Тұрғындар тарапынан жалақының уақытылы төленбеуі, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беру тәртібі, міндетті әлеуметтік төлемдердің аударылуы, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жеңілдетілген еңбек жағдайларына ауысу мәселелері көтерілді. Бұл сұрақтар еңбек қатынастары саласында жиі кездесетін және азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды тақырыптарды қамтыды.


Әрбір мәселе бойынша азаматтарға құқықтық тұрғыда кеңес беріліп қана қоймай, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жолдары, сондай-ақ тиісті органдарға жүгіну тәртібі түсіндірілді.
