Адал еңбектің лайықты марапаты

Шымкент қаласында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының мүшесі, қоғамдық және мемлекеттік қызметте елеулі еңбек етіп келе жатқан сала маманын құттықтауға арналған салтанатты шара өтті.

 

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан  Алтеев қалалық дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы Асан Абдукаримовты 63 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

Асан Әбдіманапұлы бүгінгі таңда «Ақпараттық түсіндіруді үйлестіру және діни талдау жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімін басқара отырып, қаланың ішкі тұрақтылығы мен дін саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асуына елеулі үлес қосып келеді. Оның көпжылдық еңбек жолы мен кәсіби біліктілігі әріптестері мен қоғам өкілдері тарапынан жоғары бағаланған.

Салтанатты жиынға «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» РҚБ Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Уәлихан Жолдасбекұлы Адаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері, генерал Ақжігіт Қалтайұлы Исабеков, сондай-ақ «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалына қарасты Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы Орынбасар Лештаев қатысты.

Жиын барысында Бауыржан Алтеев мерейтой иесінің қоғам алдындағы абыройын атап өтіп, ұлттық қауіпсіздік пен әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы ерекше қабілеті мен адал қызметі үшін Республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының шешімімен «Ел құрметі» орденін және «Қызмет» салалық кәсіподағының «Еңбек озаты» төсбелгісін табыстады.