2026 жылғы 30 сәуірде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтары мен әлеуметтік жобаларын ілгерілету, білім бөлімдері мен ұйымдарындағы тәрбие жұмысын жүйелі үйлестіру мақсатында «Біртұтас тәрбие тарландары» облыстық байқауы өтті. Мектеп, ата-ана және білім алушы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеген бұл додаға аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен сынып жетекшілерінен құралған кәсіби командалар қатысты.

Аталған іс-шара Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығы мен Абай облысының оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының бастамасымен ұйымдастырылды. Байқауға облыстың 11 командасы қатысып, тәрбие саласындағы өзіндік шеберліктері мен шығармашылық әлеуеттерін ортаға салды.

Рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңірген жан-жақты тұлға қалыптастыруды мақсат еткен байқау үш негізгі кезеңді қамтыды. Бірінші «Біз – тәрбие шамшырағымыз» кезеңінде командалар өздерінің мақсат-міндеттері мен тәрбие ісіндегі басты ұстанымдарын таныстырды.

Екінші «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» кезеңінде қатысушылар тәрбие жұмысындағы инновациялық лайфхактарды, атап айтқанда, тиімді әдіс-тәсілдер мен заманауи тәжірибелерін ұсынды. Ал қорытынды сұрақ-жауап сессиясында мамандардың кәсіби білімі, шұғыл шешім қабылдау қабілеті мен жағдаяттық тапсырмаларды орындау шеберлігі сарапталды.





Жеңімпаз командаларға Облыстық инновациялық-әдістемелік орталығының I, II, III дәрежелі дипломдары табысталып, кәсіподақ ұйымының қолдауымен қаржылай сертификаттар берілді.

Осындай мазмұнды іс-шаралар тәрбие саласындағы озық тәжірибелерді насихаттап, педагогтердің кәсіби бірлігін нығайтуға және біртұтас тәрбие жүйесін жетілдіруге зор үлес қосады.
