Астанадағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен

Елордада Астана әкімдігі Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омардың қатысуымен брифинг өтті. Ол өз сөзінде қала тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

Спикердің мәліметінше, enbek.kz порталында 2000-ға жуық жұмыс берушіден 6 мыңға жуық бос жұмыс орны орналастырылған. Сонымен қатар, елордадағы жұмыссыздық деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен екені белгілі болды.

«Астанадағы жұмыссыздық деңгейі 4,3%-ды құрайды, бұл орташа республикалық көрсеткіштен (4,6%) төмен. 2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша елордада 7 593 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 6 122 адам қамтылды, оның жартысынан астамы — 3 194-і — 35 жасқа дейінгі жастар», – деп мәлімдеді Олжас Омар.

Оның айтуынша, Астанада жұмыс тәжірибесі жоқ колледж бен ЖОО түлектерін қолдауға бағытталған «Жастар практикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаға оқуды аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде қатысуға болады. Практика мерзімі бір жылға дейін созылады және еңбек өтілі ретінде есептеледі. Жалақы мөлшері 30 АЕК (129 750 теңге) деңгейінде белгіленген.

Зейнет жасына таяп қалған азаматтар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылуда. Бұл бағдарлама 50 жастан асқан тұлғаларды 36 айға дейінгі мерзімге тұрақты табыспен қамтамасыз етуді көздейді. Олар үшін арнайы әлеуметтік жұмыс орындары құрылған. Бұл шара азаматтардың әлеуметтік қорғалуына және зейнетке кезең-кезеңімен шығуына септігін тигізеді. Аталған бағдарлама қатысушыларына 24 АЕК (103 800 теңге) мөлшерінде жалақы төленеді.