Азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу жолдарын түсіндіру мақсатында «Заң клиникасы» жобасы шеңберінде жеке қабылдау шарасы өтті.
Бұл күні «Маида» медиация және психология орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, кәсіби медиатор Салтанат Әбдікәрімова арнайы келген тұрғындарға заңдық және психологиялық тұрғыдан бағыт-бағдар берді.
Кеңес алуға келген азаматтар өздерін толғандырған жеке мәселелері бойынша маман көмегіне жүгінді. Салтанат Егізбекқызы әрбір тұрғынмен жеке әңгімелесіп, олардың арыз-шағымдары мен құқықтық жағдайларын егжей-тегжейлі зерделеді.

Кездесу барысында негізінен отбасылық келіспеушіліктер, еңбек даулары және басқа да әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдары талқыланды. Маман медиация мүмкіндіктерін пайдалана отырып, тараптардың ортақ мәмілеге келуі арқылы дауды бейбіт жолмен аяқтаудың маңыздылығын түсіндірді.
Тек заңдық кеңес қана емес, сонымен қатар психологиялық қолдау көрсетуге де басымдық берілді. Салтанат Абдукаримова кез келген келіспеушілік кезінде эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау мен өзара сыйластықтың қажеттілігін атап өтті.

Азаматтар маманнан нақты істер бойынша құқықтық шешімдер мен медиаторлық көмек алу тәртібі туралы толық ақпарат алды.
Мұндай жеке қабылдаулар тұрғындардың заңға деген сенімін нығайтып, қоғамдағы дау-дамайды азайтуға тікелей септігін тигізеді.
«Заң клиникасы» аясындағы бұл жұмыс азаматтардың мәселелерін жедел әрі кәсіби деңгейде шешуге бағытталған маңызды қадам болып қала бермек.
