Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Рахановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Бұл отырысқа Абай облысының кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Дастан Мұқаев және салалық кәсіподақтардың облыстық филиал төрағалары қатысты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

«Өндірістік жарақаттанудың жағдайы және өндірістегі жазатайым оқиғаларды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ниятқабылов сөз сөйледі.

«Өнеркәсіп объектілеріндегі санитарлық- эпидемиологиялық талаптарды сақтау» екінші мәселе бойынша Абай облысының санитарлық- эпидемиологиялық бақылау департаментінің Раушан Фатхуллина баяндама жасады.

Сонымен қоса, «Қазақстандық салалық мәдениет,спорт,туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Оразбекова өз сөзінде Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 7 ақпандағы №32 «Азаматтық қызметкерлер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеренария және орман шаруашылығы саласындағы мамандар лауазымдарының тізбесін айқындау туралы» қаулысына өзгеріс енгізу туралы 2024 жылдың 18 қаңтарында № 14 қаулысы шыққанын, бірақ ол қаулыда ауылды жерде тұрып жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыздандыру, мәдениет, спорт, ветеренария және орман шаруашылығы саласындағы мамандар лауазымдарының кірмегені туралы айта кетті.

Сол себептен ауылдық жерде жұмыс істейтін барлық қызметкерлердің лауазымдық айлықақылары мен тарифтік ставкаларының кемінде 25% көтерілуін белгілеу туралы өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп және осыған байланысты (барлық салалар үшін жалпы мамандықтар ретінде бас есепші, есепші, заңгер, іс жүргізуші, кадр бөлімінің мамандары, аудармашы) кірмейтін ауылдық жерлердің 25% алатын мамандар тізбесі айқындалып, кеңейтілу туралы ұсыныс жасады.

Отырыс соңында көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді және жоғарыда аталған ұсыныс бойынша облыс әкімінің орынбасары Мейірлан Раханов келесі үшжақты комиссия отырысының күн тәртібіне енгізуді ұсынды.
