Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Санаулы сағаттардан соң біз жаңа – 2025 жылға қадам басамыз!
Жаңа жыл – бәріміз ақ пейілмен асыға күтетін айрықша мереке. «Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп» дейді дана халқымыз.
Биылғы жыл баршамыз үшін бірқатар маңызды шараларға және күрделі сынақтарға толы болды.
Бүкіл ел болып су тасқынына қарсы бар күш-жігерімізді біріктірдік. Қиналғанды жебеп, ауырғанды демеп, қолдарынан келген жақсылығын жасауға ұмтылған жандардың алдыңғы шебінде ҚРКФ мүшелері де болды.
Ағымдағы жыл «Лайықты еңбек жылы» болып жарияланды. Осы орайда еліміздің кәсіподақтар қозғалысы бірталай жетістіктерге қол жеткізді. Біз Қазақстан еңбекші әйелдерінің I форумы, Жұмысшы мамандықтарының халықаралық жастар форумы сынды ірі шараларды өткіздік.
Кәсіподақтар федерациясының бастамасының нәтижесінде Ең төменгі жалақы мөлшері өсті, ЕТЖ анықтау әдістемесінің жобасы бекітілді, Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қолданысқа енгізілді, лайықты еңбекті алға бастыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды.
Бұл – еліміздегі кәсіподақтар қозғалысы үшін асқақ абырой, мәртебелі міндет.
Халықаралық бағытта да үлкен прогресс бар. Ағымдағы жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясы ХКК Бас Кеңесінің құрамына кірді. ХЕҰ Бас директоры Жильбер Унгбо Қазақстанға келіп, ҚРКФ бастамаларын қолдады. Бұл игі істер біздің халықаралық аренадағы күш-жігерімізді мойындаудың дәлелі іспеттес.
Әр атқан таңнан, шыққан күн мен туған айдан жақсылық тілеп, өткенге салауат айтып, келер күннен шапағат тілеп отыратын халықтың ұрпағы ретінде Біз де жаңа жылдан көп үміт күтіп, сенім артамыз.
Келер жыл айтулы оқиғалармен ерекшеленбек – Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы, Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығы және ҚРКФ-ның кезекті съезі болмақ.
Жұмысшы мамандықтар жылы қарапайым Еңбек адамының мәртебесін көтеруде елеулі серпіліс жасайды деген сенімдемін.
Бұл Еңбек адамының ерен еңбегін құрметтеу мен танудан басталатын нақты қолдаудың маңызды қадамы болмақ.
Алдағы жоспар анық, қадамымыз нық. Тек бірлік, ортақ мақсат пен табандылық қана алға жылжып, еңбекшілердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді.
Қадірлі кәсіподақ мүшелері, жаңа 2025 жыл Сіздерге зор денсаулық, бақыт, амандық, таусылмас күш-жігер әкелсін!
Тәуелсіз Қазақстанның игілігі жолындағы жауапты жұмыстарыңыз жемісті болсын!
Әр шаңырақ қуаныш құшағына бөленіп, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!
Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын!
Құрметпен, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы
Сатыбалды Дәулеталин