Бүгін Астанада «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңын Халықаралық еңбек ұйымының №87 «Қауымдастықтардың бостандығы және ұйымдастыру құқығын қорғау туралы» Конвенциясына сәйкес келтіру мақсатында ұлттық заңнамаға қосымшалар мен өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды талқылауға арналған Қазақстан кәсіподақтарының біріккен семинары өз жұмысын бастады.
Семинарды ұйымдастырушылар – Халықаралық еңбек ұйымы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы.
Семинарда Халықаралық еңбек ұйымының атынан белгілі сарапшылар сөз сөйледі: Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдеріне арналған ХЕҰ Кеңсесі мен лайықты еңбек мәселелері бойынша техникалық қолдау тобының еңбеккерлер қызметі жөніндегі маманы Гоча Александрия және халықаралық сарапшы Харри Талига.
Қазақстан кәсіподақтары атынан ҚРКФ салалық және аумақтық кәсіподақтар төрағалары, Қазақстан Еңбек конфедерациясының өкілдері, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар достастығы және басқа да кәсіподақ бірлестіктері қатысты.
Семинарда Талига мырза еліміздегі кәсіподақтар туралы заңнаманың талдауын көрсетті және Халықаралық еңбек ұйымының №87 Конвенциясына қатысты сәйкес келмейтін қырларын ұсынды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Біржан Нұрымбетов қатысушыларды «Кәсіподақтар туралы» Заңға енгізуге ұсынылған түзетулермен таныстырды. Осы түзетулер ХЕҰ сарапшыларының ескертпелерін болдырмауға, сондай-ақ кәсіподақтардың қызмет шарттарын жақсартуға және құқықтарын арттыруға бағытталған.
Гоча Александрияның модераторлығымен кәсіподақтар туралы заңнамаға және ҚР Еңбек кодексіне өзгерістер енгізу, кәсіподақтардың қызметін ұйымдастыру, еңбек дауларын шешу және әлеуметтік әріптестік сынды маңызды мәселелер талқыланды.
Жалпы, Қазақстан тарапынан семинарға қатысушылар ұлттық заңнамаға өзгерістер мен қосымшалар енгізу қажеттілігіне қатысты бірыңғай көзқарас танытты.
Қазақстан кәсіподақтары ҚРКФ эгидасымен «Кәсіптік одақтар туралы» Заңға өзгерістер енгізу бойынша біріккен жұмыстарын жалғастыра береді.
Осы орайда 2018 жылғы 23 шілдеде аталмыш мәселе бойынша республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің жиыны өткен болатын. Атап айтқанда, ҚР Кәсіподақтар федерациясы, Қазақстан Еңбек конфедерациясы, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар достастығы және де басқа кәсіподақ басшылары қатысты.