Поздравление Председателя Федерации профсоюзов РК с Днем работников нефтяной и газовой отрасли

Құрметті мұнай-газ саласының қызметкерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – Қазақстан экономикасының іргетасын қалаушы, ел дамуының қуатты тетігі саналатын мұнай-газ саласында адал еңбек етіп жүрген барша мамандарға деген ерекше құрмет пен алғыстың белгісі. Бүгінгі таңда сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында еліміз халықаралық деңгейде зор беделге ие болып, энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып келеді.
Мұнайшы мамандығы – үлкен жауапкершілік пен қайсарлықты талап ететін абыройлы кәсіп. Қиындыққа қарамай, күні-түні жер қойнауынан «қара алтын» өндіріп, ел қазынасын толтыруға сіңіріп отырған еңбектеріңіз мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосуда.
Кәсіподақтар федерациясы әрқашан сіздердің құқықтарыңызды қорғап, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, әділ еңбекақы мен әлеуметтік қолдау алу жолында бірге жұмыс істейді.
Осы айтулы күні сіздерге шын жүректен денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Жасаған еңбектеріңіз баянды болып, табыстарыңыз еселене берсін! Әрбір күні қауіпсіз еңбекпен, қуанышты жаңалықтармен өрілсін.
Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен табандылықтарыңыз – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.
Құрметпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
Сатыбалды Дәулеталин