Поздравление Председателя Федерации профсоюзов РК с праздником Наурыз

Құрметті әріптестер, қымбатты достар!
Баршаңызды ежелгі заманнан бері келе жатқан, жер бетіне жақсылық пен нұр сыйлайтын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын
Күн мен түн теңеліп, табиғат ана қайта түлеген бұл мезгілдің халқымыз үшін мән-мағынасы өте зор.
Наурыз – тек жаңа жылдың бастауы ғана емес, бұл – береке мен бірліктің, татулық пен мейірімділіктің мерекесі. Бұл күні ата-бабаларымыз өкпе-ренішті ұмытып, бір-біріне ақ тілек арнап, ұлттық болмысымыз бен салт-дәстүрімізді ұлықтайды.
«Ырыс алды – ынтымақ» демекші, осындай ақ түйенің қарны жарылған айтулы күні баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін.
Бүгінде еліміздің гүлденуі мен кәсіподақ қозғалысының нығаюы жолында Сіздердің атқарып жатқан қажырлы еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Бірлігі жарасқан ұжымның әрқашан абыройы биік, еңбегі жемісті болып келеді.
Сіз бен біздің жұдырықтай жұмылып, еңбек адамының мүддесі мен әділдік жолындағы іс-қимылдарымыз қоғамның басты құндылығына айналды.
Наурыздың жылы шуағы әрбір шаңыраққа ырыс пен құт әкеліп, берекелі істерімізді одан әрі еселеп келеді.
Ұлыс оң, ақ мол болсын. Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілеймін. Халқымыздың пейілі кең, еліміздің болашағы жарқын, ал ынтымағымыз әрқашан берік болсын.
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы
С.Дәулеталин