Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Б.Ж.Әбдірайым Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды. Алдымен «Қызылорда автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, еңбек ұжымымен кездесті.
«Қызылорда автобус паркі» 2017 жылы наурыз айында іске қосылған. Өндірістік нысанда 200 үлкен автобустар қала тұрғындарына қызмет жасайды. Мекемеде барлығы 600 адам еңбек етеді. «Қызылорда автобус паркі» ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қазірде «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының облыстық филиалы құрамына кірген. 2018 жылдың желтоқсан айында ұжымдық шарттарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, нәтижесінде жұмысшыларға әлеуметтік жеңілдіктер, соның ішінде жалақылары өсіп, денсаулықтарын жақсартуға шипажайларға жолдамалар, материалдық көмектер беріле бастаған. Кәсіподақтың көмегін сезінген жұмысшылардың саны артып келеді. Бүгінде кәсіподақ құрамындағы жұмысшылар саны 304 адамға жеткен. Автопарк директоры Нұржан Ахатов аз ғана уақытта құрылған серіктестіктің қазіргі тыныс-тіршілігін айта келе, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту бағытында жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
ҚРКФ Төрағасы Б.Әбдірайым: «Кәсіподақ ең алдымен жұмысшылардың заңды еңбек құқығын қорғайды. Егер кәсіпорында әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттары және кәсіподағы болса, әр жұмысшының құқығы қорғалып, оның еңбек жағдайы жақсарып, отбасының әлеуметтік жағдайы артады. Сонда ғана жұмысшының кәсіподаққа сенім артады»,- деп атап өтті.