2018 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Алматы қаласында жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында Федерация Төрағасы Алматы қаласының кәсіподақтар активімен, «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен және әлеуметтік серіктестермен кездесті. Кездесуде «ҚР Кәсіподақтар федерациясының жол картасын» жүзеге асыру барысы, әлеуметтік әділеттілік және әлеуметтік әріптестік қағидаларын алға бастыру үшін нақты мақсаттар, жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін жақсарту, кәсіподақтарды нығайту және біріктіру, жұртшылықтың алдында кәсіподақтардың мәртебесін күшейту, БАҚ, әлеуметтік желілерде жұмыс жүргізу мәселелері талқыланды.
Жұмысшы жастарды әлеуметтендіру, жастар арасында жұмысшы кәсіптерін насихаттау, мақсатқа негізделген ой-өрісті дамыту, инновацияларға бейімділікті және жаңа білімге деген құштарлықты ояту мәселелері назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, жастардың жұмыспен қамтылуы мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы кәсіподақ ұйымдары жұмысының тиімділігін арттыруға белсенді атсалысқаны үшін «Волковгеология» АҚ жергілікті кәсіподақ төрағасы Болат Батыровқа «Еңбек ардагері» медалін табыстады. ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен Алматы қалалық «Парасат» кәсіподағы төрағасы Данат Жанатаев және «Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Алматы филиалы төрағасының орынбасары Асқар Қараманов марапатталды.
Осы күні Бақытжан Әбдiрайым Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті базасында студент жастармен кездесті. Федерация Төрағасы студенттердің сұрақтарына жан-жақты жауап берді және кәсіподақтарды жаңғырту аясында Республикалық студенттердің салалық кәсіподағын құруды ұсынды.
Бақытжан Әбдiрайым өткізген кездесулер мен іс-шаралар мағыналы және мазмұнды сипатқа ие болды.