Кәсіподақтар коронавируспен күрестің алғы шебінде

Коронавирус жұқтырған қазақстандықтар саны көбейіп барады. Вирустың таралуын тоқтатуға ҚР Кәсіподақтар федерациясы да атсалысуда. Федерация наурыздың аяғына таман өз құрамындағы шипажайлар мен қонақ үйлердің бірқатарын карантин үшін уақытша мемлекет қажеттілігіне берген болатын.

Қазір Қазақстан бойынша Алматы қаласы қауіпті індет өршіп тұрған ошаққа айналып отыр. Мемлекеттік комиссияның жедел штабы таратқан соңғы мәліметтерге сәйкес, вирус жұқтырған алматылықтар саны 370-ке жетті. Сондықтан бұл күндер Алматыдағы «Көктем» кәсіподақ шипажайының қызметкерлері үшін оңай болмай тұр. Шетелден келгеннен кейін карантинге жатқызылған отандастарды қабылдау мұнда 27 наурыздан басталды. Уақытша карантиндік ауруханаға айналған шипажайдың алғашқы қонақтары елге оралған 136 азамат болды. Малайзиядан, Ресейден, Америкадан, Германиядан және басқа елдерден келген жүздеген қазақстандықтар «Көктем» шипажайында карантиннен өтті. Олардың көпшілігі – шетелде оқып жатқан студенттер. 12 сәуірден бастап тағы 86 адам (83 адам – ​​ «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ МҚК (12-қалалық аурухана) және Куала-Лумпурдан 3 адам келген) карантинге жатқызылды. Осыдан бірер күн бұрын мұнда тағы 53 адам қабылданды. Іссапарға келген медицина қызметкерлері мен әскери қызметкерлер, сонымен қатар, санаторий қызметкерлерінің бір бөлігі (барлық кәсіподақ мүшелері) осы жерде орналасқан және ерекше қажеттіліктер үшін жабдықталған жатақханада тұрады. Күн сайын «Көктем» кәсіподақ шипажайының 40 қызметкері тәулік бойы қалалық денсаулық сақтау бөлімінің 6 дәрігеріне көмек беруде. Олар карантинге жатқызылған қазақстандықтардың денсаулығын бақылап, медициналық қызметтермен, санитарлық-гигиеналық құралдармен, күніне үш рет тамақпен және басқа да барлық қажетті заттармен қамтамасыз етуде. Шипажай қызметкерлері карантиндегілерге ыңғайлы болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда. «Көктем» шипажайы» АҚ басшылығы осында келетін қазақстандықтар үшін 4 айлық азық-түлік қорын қамтамасыз етті.

ҚРКФ медиа орталығына әріптестеріміздің хабарлауынша орнатылған барлық санитарлық тазартқыштар мен антисептикалық кілемшелерді айтпағанда жұмысшылар бетперделермен, қолғаптармен, гигиеналық және антисептикалық заттармен, инженерлік-техникалық персонал жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілген. Тұрақты негізде, әр 2 күн сайын шипажай аумағын мемлекеттік дезинфекция қызметі дезинфекциялық құралдармен зарарсыздандырады және қажет болған жағдайда ғимаратты толық зарарсыздандырады. Ұжым мүшелерінің денсаулық жағдайы да тұрақты бақылауда.«Қиындықтар бізге күш береді және шыңдайды. COVID-19 ауызбіршілік пен бірге күресу арқылы ғана жеңе аламыз», – дейді біздің «Көктем шипажайы» АҚ әріптестеріміз.

Елорда да эпидемиологиялық ахуал күннен күнге ушығып бара жатыр. Қазір қалада коронавирусқа шалдыққандар саны 291-ге жетті. Кәсіподақтар федерациясы жергілікті билікке көмекке “Турист” қонақ үйін берген болатын. Қалалық әкімдік мұнда негізінен шетелден оралған қазақстандықтарды карантинге жатқызды. Тарқата айтқанда, алдымен наурыздың 23-і күні уақытша карантиндегі 146 қазақстандықтың тест нәтижесі теріс шығып, үйлеріне жіберілді. Наурыздың 28-і күні олардың орнына шетелден ұшып келген 65 қазақстандық карантинге жатқызылды. Келесі күні яғни наурыздың 29-да олардың қатарына 180 адам қосылды. Тексеріс барысында карантинге жатқызылғандардың ешқайсынан коронавирус белгілері анықталған жоқ. Карантинге жатқызылған жерлестерімізге мұнда қажетті жағдай жасалып, қонақ үйдің барлық қызметкерлері дәргерлерге көмекке жұмылдырылды.

Қызылорда облысы вирус ең көп тараған аймақтардың қатарында тұр. Қазір мұнда вирусты жұқтырғандардың саны 124-ке жетті. Олардың 18-і Жаңақорған ауданының тұрғындары. «Жаңақорған» шипажайына адамдар 1 сәуірден бастап карантинге жаткызылды. Барлығы 111 адам карантинде болды. Бүгінде 74 адам емделіп шықты, қазір 21 адам жатыр. Карантиндегі жаңақорғандықтарға ем-дом жасап жатқан дәрігерлерге 17 кәсіподақ мүшесі көмектесуде. Олардың барлығы осы шипажайдың қызметкерлері. Жалпы шипажайдың 380 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар.

Сонымен қатар, қазір Павлодар қаласындағы «Сарыарқа» қонақ үйі Қазақстандағы Электролиз және Аллюминий зауыттарының 180 жұмысшысын қабылдауға дайындалуда. Павлодар облысында 13 сәуірден бастап карантиннің жариялануына байланысты облыс орталығынан тыс жерде тұратын жұмысшылар жұмыстың вахталық режиміне ауыстырылып, коронавирустың алдын алу мақсатында өндіріс орнына жеткізу мен тұратын жермен қамтамасыз етілді. Зауыт басшылары өздерінің өтініштерін ҚР Кәсіподақтар федерациясына 11 сәуірде жолдаған болатын. Аталған кәсіпорындардың барлық жұмысшылары – кәсіподақ мүшелері.

Қазір Өскемен қаласындағы екі қабатты, 111 орындық 78 нөмері бар «Турист» қонақ үйі мен әкімдік арасында қажет болған жағдайда адамдардың орналастырылуына келісімшарт жасалды. Ұжым пандемия кезінде келушілерді қабылдауға және оларды тамақтандыруға дайын отыр.

#BIZBIRGEMIZ