ҚР Кәсіподақтар федерациясында Үкімет, республикалық жұмысшылар бірлестіктері мен республикалық жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісім концепциясының жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті.
Жұмыс тобының құрамына салалық кәсіподақтар өкілдері кірді.
Отырысты ашқан Гүлнара Жұмагелдиева жаңа Бас келісім концепциясының жобасын әзірлеу барысында ХЕҰ қалыптастырған лайықты еңбек қағидалары негізге алынғанын атап өтті. Сонымен қатар, оның айтуынша, жаңа Бас келісім концепциясының жобасы уақыт талаптарына жауап беретін әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер кешенінен тұрады.
Гүлнара Жұмагелдиеваның мәлімдеуінше, осы жылғы сәуірде Бас келісім концепциясының жобасы қоғамдық сараптама жасау үшін барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарына және жергілікті кәсіподақтарға жіберілді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары, жергілікті кәсіподақтар, салалық кәсіподақтардың құрылымдық бөлімшелері деңгейінде жобаны талқылау нәтижесінде Кәсіподақтар федерациясына 85-ке тарта ұсыныс түсті.
Отырыс барысында қатысушылар күрделі экономикалық жағдайда әлеуметтік әріптестік жүйесінің рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Дағдарыс кезеңінде әлеуметтік әріптестіктің басты міндеті бәрінен бұрын еңбек әлеуетін дамыту арқылы экономиканың тиімділігін арттыру екені атап өтілді.
Жұмыс тобының мүшелері ҚРКФ Бас келісім жобасына қоғамның әлеуметтік маңызды мәселелерін шешудің жаңа прогрессивті механизмдерін – жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек жеңілдіктері мен кепілдіктерді нығайту, еңбек дауларының алдын алу, халықтың табыс деңгейін арттыру, жұмыссыздықты азайту, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді енгізу туралы бастамасына қолдау көрсетті.
Бас келісім жобасымен жұмыс ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің салалық кәсіподақтар басшыларымен кездесулері аясында жалғасады.
Кәсіподақтардың үйлесімді бағдарын әзірлеу және құжатта көрсету үшін Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен жуырда Бас келісім жобасын республикалық кәсіподақтар бірлестіктерімен талқылау жоспарланған.
Бас келісім жобасы осы жылғы маусымда әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарының қатысуымен жұмыс тобы аясында қарастыру үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберіледі деп күтілуде.