ҚРКФ байқаушыларының республикалық штабы мен саяси партиялар арасындағы келіссөздердің соңғы сериясы «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшелерімен кездесу болды.
Кездесу барысында ҚРКФ Республикалық штабының төрағасы Нұрлан Өтешев, Нұр-Сұлтандағы аймақтық бақылаушылар штабының төрағасы Төлеген Күнәділов және ҚРКФ байқаушыларының республикалық штабының мүшесі Бақытжан Қуанышев әділ және ашық сайлауды қамтамасыз ету тұрғысынан кәсіподақ байқаушыларының қазіргі жұмысы туралы әңгімелеп берді.
«Кәсіподақтар федерациясы әрқашан елдің маңызды ішкі саяси процестерінің алдыңғы қатарында. Біздің маңызды міндетіміз – азаматтардың еркін білдіру бостандығының бұзылуына жол бермеу. Біз байқаушылар пулын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргіздік, оның құрамына республиканың барлық аймақтарынан шамамен 7 мың адам кірді», – деді Нұрлан Өтешев.
Ол сонымен қатар тренинг байқаушылардың көп бөлігін қамтығанын атап өтті.
Штаб мүшелері жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен кездесулер туралы ақпаратпен бөлісті.
Аталып өткендей, мұндай кездесулердің мақсаты жұмыс берушілер жұмыскерлерді жеке кандидаттарға дауыс беруге мәжбүрлеген жағдайда кәсіподақтардың қолдау шаралары туралы кеңінен хабардар ету болып табылады.
«Біздің мақсат жұмысшылардың сайлау құқығының бұзылуын болдырмау. Ең бастысы – адамның таңдау бостандығына конституциялық құқығын қамтамасыз ету», – деп атап өтті ҚРКФ Республикалық штабының төрағасы.
«Ақ жол» Демократиялық партиясы парламенттік фракциясы басшысының орынбасары Ерлан Барлыбаев штабтың жұмысымен танысуға шақырғаны үшін алғыс айтып, Кәсіподақтар Федерациясының сайлаудың ашықтығын қадағалауды қамтамасыз ету бастамасын қолдайтындығын білдірді.
«Осы кезеңдегі тәуелсіз байқаушылардың жұмысы біз үшін өте маңызды. Біз сайлаудың ашық және еркін бәсекелестік негізде өтуіне мүдделіміз », – деп атап өтті Ерлан Барлыбаев.
Кездесу соңында тараптар алдағы сайлауды демократиялық сайлау процесінің принциптеріне сәйкес өткізудің маңыздылығын атап өтті.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы