Осы жылдың 27 мамыры мен 11 маусымы аралығында Халықаралық еңбек ұйымына (ХЕҰ) мүше 187 мемлекеттің үкіметтерінің, жұмыскерлері мен жұмыс берушілерінің өкілдері Женевада өтіп жатқан Халықаралық еңбек конференциясының (ХЕК) 110-сессиясында еңбек мәселелерін талқылауда.
Халықаралық еңбек конференциясының жұмысына төраға Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы қатысуда.
Биылғы жылы Конференцияның күн тәртібіне еңбекті қорғау, шәкірт тәрбиелеу, сондай-ақ әлеуметтік-ынтымақтастық экономика мәселелері енгізілді.
Сонымен қатар, Конференция барысында әлеуметтік-еңбек саласының әртүрлі бағыттары бойынша комитеттердің отырыстары өткізіледі.
ҚРКФ қазақстандық делегация қатысатын Стандарттарды белгілеу комитетінің отырыстарына қатысушылар бұл күндері жаңа халықаралық еңбек стандартын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Комитет «Сапалы шәкірт тәрбиелеу негіздері» тақырыбы бойынша екі жаһандық есептемені қарастыруда.
Атап айтқанда, IV(1) есеп әртүрлі елдердегі заңнама мен тәжірибенің қысқаша мазмұнын, сондай-ақ ХЕҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің үкіметтеріне жұмыс берушілер мен жұмыскерлер ұйымдарымен кеңесе отырып, жауап беруді сұраған сауалнаманы қамтиды.
Өз кезегінде IV(2) есеп сауалнамаға берілген жауаптардың қысқаша мазмұны мен талдауын, сондай-ақ Комитет жұмысының негізін құрайтын бірқатар ұсынылған қорытындыларды қамтиды.
Жұмыс сапары аясында ҚРКФ делегациясы шетелдік әріптестерімен – ACTRAB/ХЕҰ еңбеккерлер тобының өкілдерімен, ХКК БЕАК (Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы) президенті Ираклий Петриашвилимен, сондай-ақ HAK-IS түрік кәсіподақтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында халықаралық еңбек нормаларын қолдану тәжірибесі мен ҚРКФ мен шетелдік әріптестер арасындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық бағыттары мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы