«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешев Батыс Қазақстан облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Чапаев орманды және жануарларды қорғау коммуналдық мемлекеттік мекемесінің» бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті.
Онлайн-кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ербол Иманғалиұлы еңбеккерлер ұжымының құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтың атқарып жатқан жұмысы жөнінде мәлімдеді. Кәсіпорында 2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық келісімшарт орындалуда. Оның мерзімі жаңа тариф қабылданғанша ұзартылған.
Ұжымдық келісімшартқа орай кәсіпорында жұмыс жасаған еңбек өтілі бойынша емдік жәрдемақы, еңбек өтілі бойынша зейнет жасына жеткен азаматтарға материалдық көмек, жұмыскер немесе оның жақын туыстары қайтыс болған жағдайдағы жерлеу рәсіміне бір реттік жәрдемақы сияқты әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған.
Коммуналдық мекеменің жұмыскерлері мен бұрын қызмет атқарып кеткен зейнеткерлеріне мал ұстауға, егін өсіруге 5 га көлемінде, инспекторға (орманшы) жұмысшы аттарды жемдеп, бағып-қағу үшін 0,25 га қызметтік жер телімі бөлінеді. Кәсіпорынның дамуы жолында өте озық жұмыс үлгісін көрсеткені үшін, аса шұғыл жұмыстарды нәтижелі орындағаны үшін, қиын және қызу жұмыс атқарғаны үшін қызметкерлерге жалақының 50 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді. Жұмыскерлер өз еңбек келісімшартында жазылмаған міндеттерді атқарған, белгілі себептермен жұмыс орнына келе алмаған қызметкердің жұмысын өз қызметімен қоса атқарған жағдайда жұмыскерге 30-50 пайыз көлемінде үстемеақы төленеді.
Кәсіпорында пара-пар негізде келісім комиссиясы мен жұмыс кеңесі құрылған.
Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Н.Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жақсы бағалап, еңбеккерлердің мүддесін қорғау жолындағы қызметіне алғысын білдірді.
Сонымен қатар, Н.Өтешев «Кәсіподақ көшбасшысы» мектебі жайында айтты. Ондағы оқу бағдарламасы 36 сағатқа жоспарланған, заңнамалық-құқықтық тұрғыдан оқытатынын жеткізіп, салалық және бастауыш кәсіподақ төрағаларын аталмыш мектепте өз білімдерін шыңдауға шақырды.
Және де ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары 2022 жыл әлеуметтік әріптестік жылы екенін еске сала отырып, әлеуметтік ынтымақтастықты арттыруды тапсырды.
Онлайн-кездесудің модераторы болған БҚО Кәсіподақ орталығының төрайымы А.Есекенова бастауыш кәсіподақтың мәселелері өңірлік деңгейде шешілетінін, оған облыстық кәсіподақ орталығы көмек көрсететінін атап өтті.