10 маусым – елімізде кәсіподақ ұйымдарының төл мерекесі болып бекітілген. Осы айтулы датаға және Маңғыстау облысының кәсіподағына 45 жыл толған мерекесіне орай Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында 6 маусым күні салтанатты кеш өтті.
Мерекелік шараға аймақтағы барлық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, кәсіподақ саласындағы қызметке еңбегі сіңген ардагерлер, әлеуметтік әріптестер шақырылды. Сондай-ақ жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Cерік Аманғалиев, «Нұр Отан» Маңғыстау облыстық филиалы төраға орынбасары Нұри Тумышев бастаған жергілікті билік өкілдері қатысты.
Мерекелік кеш қонақтарының назарына Қазақстан кәсіподақтарының құрылу тарихына қатысты мәліметтер, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан өндіріс орындары, олардағы жұмысшылар санының өсуі, облыстағы кәсіподақ орталығының еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтап, еңбеккерлердің әлеуметтік жағынан, еңбек заңдылықтарының сақталуы бойынша қорғалуын қамтамасыз ету бағытындағы мақсат-мүдделері, өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысшылардың құқықтарын қорғау жолында атқарып жатқан жұмыстары туралы бейнефильм ұсынылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиевқа сөз кезегі ұсынылғанда, ол жиынға қатысушыларды кәсіподақтар күні мерекесімен құттықтай отырып, кәсіптік одақтардың еліміздің дамуындағы маңызды роль атқаратынын атап өтті.
Аймақтың дамуы жолында аянбай тер төккен бір топ азамат Маңғыстау облысының әкімі атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Қазақстандағы тұңғыш кәсіподақ ұйымы 1905 жылы Қарағандыдағы Успенск мыс кенішінде құрылған. Ал өңірдегі алғашқы кәсіподақ ұйымы облыстың құрылуымен қатар 1973 жылдың қазан айында құрылған болатын. Облыстың алғашқы кәсіподақ кеңесінің төрағасы Тоқтар Шүйінішәлиев болды.
Құрылғанына 45 жыл толған қазіргі Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының жұмысшылар өміріндегі маңызы зор. Кәсіподақ ұйымы қатарында өңірдегі «МаңғыстауМұнайГаз», «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнайгаз», «МАЭК-Казатомпром» сынды ірі кәсіпорындардың локалды кәсіподақ ұйымдары бар. Орталық кәсіпорын кәсіподақ ұйымдарынын жұмысын бір арнаға шоғырландырып, жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғауды, еркіндіктері мен бостандықтарын қамтамасыз етуді өзіне міндет еткен. Яғни, жалақының уақытылы берілмеуі, жұмыс берушімен арадағы дауларды түсіністікпен шешу кәсіподақтарға жүктелген міндет.
Маңғыстау облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жаңабеков мерекелік шараға жиналғандарға құттықтау сөздері мен ізгі тілектерін арнап, кәсіподақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардагерлерге алғысын білдіріп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Маңғыстауэнергомұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жергілікті кәсіподағының төрағасы – Жомартов Сәлім Қамзаұлы, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымының бас бухгалтері – Муха Инна Викторовна және т.б. кәсіподақ белсенділері кеудесіне тақты.
Сонымен қатар «Oil Services Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы төрағасының орынбасары – Рамазан Әділбек Бақтыбайұлы, Маңғыстау гуманитарлық колледжінің оқытушысы, бастауыш кәсіподағының төрайымы – Зиганшина Гүлнар Галиулловна және Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы – Оралов Данияр Ескендірұлы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет Грамотасымен марапаттады.
Сондай-ақ өңірлік кәсіподақ ұйымының бастау алған күнінен бері ұзақ жылдар бойы кәсіподаққа мінсіз қызмет еткен ардагерлерге облыс кәсіподақтар атынан гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұдан соң шара кәсіподақ ұйымы мүшелерінің кеш меймандарына арнап, өз өнерлерін ортаға салған мерекелік концертіне ұласты. Әуезді ән мен мың бұралған биді тамашалаған жиын қонақтарының мерекелік көңіл күйі шалқи түсті. Салтанатты шара аяқталған соң құрметті меймандар арнайы жайылған мерекелік дастарханнан дәм татты.